Тоқаев: Елбасының жолын жалғастыруды мәртебелі міндет санаймын

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кешегіні ұмытпай, келешекті ұлықтау - киелі Тәуелсіздік алдындағы басты парызымыз. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Партия төрағасы, Елбасы 19 наурыз күні өзінің тарихи Үндеуінде: «Тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, мәңгілік елімізді сақтай біліңдер» деді! Әрбір қазақстандықтың жүрегіне жол тапқан бұл сөздер менің де бойтұмардай бұлжымас ұстанымым болады. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда құбыламыздан жаңылмау үшін біздің бағытымыз айқын! Байтақ елімізді бекемдеп, болашағымыздың бағдарын бекітіп берген Елбасы аманаты бізді биік белестерге жетелейді. Кешегіні ұмытпай, келешекті ұлықтау -киелі Тәуелсіздік алдындағы басты парызымыз! Біз осы бақты бағалай білсек қана асқар асуларды бағындыра аламыз!», - деді Қ. Тоқаев.

Осы орайда, ол Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев іргесі берік, өзегі мықты, қуатты мемлекет құрғанын, Кеңес одағының құрсауынан шыққан Қазақстан күллі әлем мойындаған беделді елге және бейбітшілік белдеуіне айналғанын атап өтті.

«Тұрақтылықтың, татулықтың, тұтастықтың арқасында тәуелсіздігіміз тұғырлы болды! Елінің ертеңін ойлаған Елбасы Есілдің бойына жаңа елордамызды орнатты. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы дүниежүзі өкілдерінің басын қосып, ауқымды мәселелерді талқыға салатын жаһандық орталықтардың бірі ретінде қалыптасты. Рухани бай мұраларымыз зерделі ұрпақтың зейінін ашып, көне тарихты қайта жаңғыртты. Осының бәрі теңдессіз тұлғаның тегеурінді істері арқылы жүзеге асқанын дана халқымыз жақсы біледі! Сондықтан, Тұңғыш Президентіміздің жеңісті, жемісті жолын жалғастыруды мен аса мәртебелі міндет әрі қасиетті парыз деп санаймын! Елбасымыз айқындаған стратегиялық бағыт әрқашан біздің айнымас бағдарымыз, адастырмас темірқазығымыз болады!», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар