Тоқаев цифрлық технологияларға көшкен кәсіпорындар санын 200-ге жеткізуді тапсырды
«Отандық өнеркәсіпті дамытудың өзекті әрі маңызды бағыттарының бірі «4.0 Индустриясын» дамыту саналады. Бүгінгі күні бұл бағытта бүкіл ел бойынша қазақстандық өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрландыру бойынша ілкі жобалар – барлығы 7 модельдік цифрлық фабрика жүзеге асырылып жатыр», - деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев ел Үкіметінің алдына цифрландыруды енгізген кәсіпорындар санын арттыру міндеті қойылғандығын атап өтті.
«Үкімет алдында 2025 жылға қарай цифрлық технологияларды енгізген ірі және шағын өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының санын 200-ге дейін жеткізу міндеті тұр. Әрине, бұл қиын міндет. Дегенмен, оны Үкімет пен барлық атқарушы органдар жүзеге асыра алады деп ойлаймын. Нәтижесінде технологиялық дамудың қазіргі деңгейі «ақылды» өндіріс деп аталатын деңгейге, яғни толық автоматтандыру мен роботтандыруға көшу қамтамасыз етілуі тиіс», - деді ҚР Президенті.