Тоқаев бірқатар құқық бұзушылыққа жазаны қатаңдатуды ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мал ұрлығы және адам өліміне әкеліп соғатын жол қозғалысы ережелерін сақтамау саласындағы құқық бұзушылықтарға жазаны қатаңдату талап етіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатындағы заң шығару процесін жетілдіру мәселелері жөніндегі Үкімет сағатында жоғары палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң шығару процесінің жеткілікті түрде ұйымдастырылмауы мен жоспарланбауының салдары Заң жобаларының ретсіз, әдетте, күнтізбелік жылдың соңғы айларында немесе сессия аяқталатын кезде ұсынылуы болып табылады. Мұндай тәжірибе заң жобаларымен жүргізілетін жұмыстың сапасына әсер етпей қоймайды», - деді ол.

Сенат төрағасы заң жобаларының тұжырымдамалық негізінің сапасына да тоқталып, кейбір жағдайларда заң жобасын реттеуге тиіс негізгі мәселелер тұжырымдамаларда қамтылмай жататындығын баса айтты.

«Аталған жағдай әзірлеушілердің тарапынан заң жобаларының мазмұнына байланысты, Парламент қабылдаған жағдайда оларды іске асыру тәсілдеріне қатысты айқын көзқарастың жоқ екендігін көрсетеді», - деді Сенат спикері.

Қасым-Жомарт Тоқаев Заң шығару жүйесінің негізіне қатысты теңгерімді ұстанымның болмауы - ерекше талқылау мен қарастыруды қажет ететін бөлек тақырып екендігін де атап өтті.

«Мәселен, кейбір бағыттар бойынша біз қатаңдату ұстанымдарын басшылыққа алсақ, басқа салаларда босаңдық пен еркіндікке жол береміз. Осылайша, тұтастай Қазақстанның заңдары өзара ішкі қисыннан ажырап, сәйкесінше оның құқықтық бағдары заңға бағыну, заңды құрметтеу, құқық бұзушылықтарды азайту сияқты басты мүдделерден алшақтай түседі. Оның үстіне, жыныстық қол сұқпаушылыққа қарсы, есірткі құралдарының айналымы мен мал ұрлығы және адам өліміне әкеліп соғатын жол қозғалысы ережелерін сақтамау саласындағы құқық бұзушылықтардың көбеюі оларға салынатын жазаны қатаңдатуды талап етеді»,- деді Сенат Төрағасы.

Оның айтуынша, осындай сипаттағы қылмыстар қоғам ішінде өткір пікірталастар тудыруда, сондықтан да жеңіл жаза қолдану немесе, тіптен, өзара келісім жолымен (медиация) қылмыстық жауапкершіліктен құтылу жағдайларына азаматтар тарапынан келіспеушілік білдіру - заңды құбылыс.

«Үкіметтің осы мәселеге айрықша мән беріп, баса назар аударуын сұраймыз»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар