Тоқаев Ауғанстан туралы: «Қауіпсіздік белдеуі» саналатын тәжік шекарасын бекемдеуге жан-жақты көмек көрсету қажет

None
None
ДУШАНБЕ. ҚазАқпарат – ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында Ауғанстан мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шағын форматта өткен кездесу барысында өз әріптестеріне қатысушы мемлекеттер арасындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері жөніндегі Қазақстанның ұстанымын айтты.

«Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің тамыз айында кезектен тыс өткізілген сессиясында Ауғанстандағы түбегейлі өзгерген ахуалға байланысты туындаған сын-қатерлер мен қауіпті егжей-тегжейлі талқыладық. Қазақстан тараптардың осы кездесуде айтқан тәсілдері мен ұсыныстарын қолдайды. Оларды іске асыру үшін нақты жұмыс істеуге дайынбыз. Біріккен штаб жанынан Жедел мониторинг тобын құру жөніндегі тәжік тарапының бастамасын дер кезінде ұсынылды деп санаймыз. Бұл Ауғанстандағы жағдайды қадағалап отыру мақсатында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдарының іс-қимылдарын ұйымдастыру үшін қажет. Елдеріміздегі террорлық ошақтарды анықтап, ауыздықтау жөніндегі, сондай-ақ, экстремизм мен терроризм үгітіне қарсы күрес жұмыстарын күшейту қажеттігі туралы әріптестеріміздің пікірлерін қолдаймыз. Оңтүстік шекара әрі ҰҚШҰ-ның өзіндік «қауіпсіздік белдеуі» саналатын тәжік шекарасын бекемдеуге жан-жақты көмек көрсету қажет деп санаймыз», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Ауған босқындарын және елдеріміздің аумағында шетелдің әскери базасын орналастырудың тиімсіздігі туралы ортақ ұстанымды қолдады. Сонымен қатар гуманитарлық көмек пен ауған халқына халықаралық қолдау көрсетудің маңыздылығы ескеріліп, БҰҰ-ның Ауғанстандағы Миссиясының қызметкерлері Алматы қаласында уақытша орналастырылғанын айтты.

Қазақстан Президенті Ауғанстандағы ахуалдың ушығуына алаңдайтынын білдірді. Оның пікірінше, осы елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай гуманитарлық дағдарысқа қарай бет алған.

«Ауғанстанмен арадағы қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды мүмкіндігінше қайта қалпына келтіру маңызды деп санаймын. Ауғанстандағы ұзақмерзімді стратегиялық ұстанымдарын әзірлеуге қатысты жаңа биліктің қызметін мұқият бақылауды жалғастыру қажет деп ойлаймын. Біздің негізгі бағдарымыз – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі. Қазақстан оны толық қолдауға ниетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты.
Соңғы жаңалықтар