Тоғжанов әйелдердің зейнет жасын төмендету туралы: Халықаралық тәжірибені елге түсіндіріп жатырмыз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет отырысынан кейін журналистердің сауалына жауап берген вице-премьер Ералы Тоғжанов әйелдердің зейнет жасын нешеге дейін төмендетуді ұсынып жүргенін айтты.

«Әйелдердің зейнет жасын 58-ге дейін түсіруді ұсынушылар, оның ішінде 55-ті айтып жатқандар да бар. Менің жеке пікірім, дүниежүзілік тәжірибені алатын болсақ, мұның бәрі зейнет жасын өсіруге бағытталған. Сондықтан халықаралық нақты тәжірибелердің бәрін ескереміз. Бұл – бір. Екіншіден, нақты азаматтардың болашақта қаржысын, зейнетақысын қамтамасыз ету үшін оған, сөз жоқ, алдымен еңбек өтілі керек. Яғни, ертең алатын зейнетақыңыздың мөлшері сол еңбек өтіліне байланысты болады. Соның бәрін және азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартатын мәселелерді ескеруіміз қажет. Осы бағытта азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз», - деді Ералы Тоғжанов.

Вице-премьер бұл мәселені талқылау үшін түрлі топтармен кездесулер ұйымдастырылып жатқанын атады.

«Ешкім зейнет жасын төмендетуге барғалы отырған жоқ. Біз талқылап жатырмыз. Соның аясында түрлі топтармен кездесіп жатырмыз. Соның ішінде осындай бастама көтеріп жүрген топтармен де кездесіп жатырмыз. Оны сіздер жақсы білесіздер», - деген вице-премьер нақты шешім Әлеуметтік кодекс аясында биыл күзде шығатынын еске салды.

Айта кетсек, елімізде зейнет жасын төмендету мәселесі жан-жақты талқыланып жатыр.


Соңғы жаңалықтар