Тоғызқұмалақты ұлы Абай да сүйсініп ойнаған – ұстаз-бапкер

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық ойынының бірі. Осы ұлттық ойынды өскелең ұрпаққа қалай насихаттаймыз? Тоғызқұмалақты қалай кеңінен дамытуға болады? Осы орайда Орал қаласындағы №1 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, тоғызқұмалақ ойыны үйірмесінің жетекшісі, БҚО тоғызқұмалақ федерациясының атқарушы директоры, тоғызқұмалақтан Орал қаласының аға жаттықтырушысы, ұлттық дәрежедегі төреші Данияр Орынбасаров ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

- Данияр Исламғалиұлы, төл мерекең – Мұғалімдер күні құтты болсын! Алдымен өзіңнің өмір және еңбек жолыңа тоқталсаң? Мұғалімдік мамандықты таңдауыңа не себеп болды?

- Әр адамға өзінің кіндік қаны тамған туған жері қымбат. Мен де үш жүзге ән оздырған атақты әнші-композитор Мұхит бабамыздың туып-өскен жері – Қаратөбе ауданы Мұхит ауылында дүниеге келгенімді мақтан етемін. Бұл ауылдан түлеп ұшқан басқа да елімізге танымал тұлғалар баршылық.

Ал енді мұғалімдік мамандықты таңдауыма, әрине, ең алдымен ата-анамның айрықша ықпалы тигенін айтар едім. Марқұм әкем адамгершілік пен қайсарлыққа тәрбиелесе, аяулы да ардақты ұстаз анамның ұлағатты жолы маған өшпес үлгі-өнеге болды. Одан қала берді бойымдағы отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиетім де септігін тигізді-ау деймін.

Мектепті тәмамдап, арман қуған қатарластарым секілді Орал қаласына келіп, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақтан университетіне дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түсіп, білім алып шықтым. Алғашқы еңбек жолымды осы қаладағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі – №1 жалпы орта білім беретін мектепте әуелі алғашқы әскери дайындық, кейін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастадым.

Қазір де өзімнің сүйікті қызметімді жалғастырып келемін. Әр адамның мамандығына сәйкес айрықша хоббиі болса, менің ынта-ықыласым жас кезімнен-ақ қазақтың ұлттық ойындарына ауған. Ұмыт болып бара жатырған қазақтың ұлттық ойындарын жандандыру арманым еді десем де, артық айтқаным емес. Тоғызқұмалақты жас жеткіншектерге үйретіп, насихаттауды мақсат тұттым. 2009 жылдары БҚО тоғызқұмалақ федерациясының президенті Дәулет Әбдікәрімов, мектеп директоры Нұрлы Нығметқызы, қалалық және облыстық білім саласы басшыларының қолдауымен тоғызқұмалақты қолға алдым. Әрине, басында батыл қадам жасаудың өзі оңайға тиген жоқ. Дегенмен, қиындық-кедергілерге қарамастан, алға қойған мақсатымнан танбай, еңбектеніп келемін.

- Тоғызқұмалақ ойынының ерекшеліктері неде? Ол баланың ой-өрісінің дамуына қалай әсер етеді деп ойлайсың?

- Тоғызқұмалақ – өте ертеден келе жатқан төл ойынымыз. Оның шығу, даму тарихы төрт мың жылдық кезеңді қамтиды екен. Кейбір мамандар оның пайда болған кезі одан да әріде болуы әбден мүмкін деген жорамал айтады. Қалай болғанда да, тоғызқұмалақ – өткен ғасырларда қазақ даласында ең кең тараған ойын. Қазақи аңыздарға сенетін болсақ, тоғызқұмалақ ойынын қарапайым қойшылар ойлап тапқан деседі. Қазақ халқының ұлы ғұламалары Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев тоғызқұмалақ ойынын ерекше мадақтаған. Әсіресе, Абай бұл ойынды сүйсініп ойнаған екен. Тағы бір ерекшелігі, тоғызқұмалақ ойыны ертеректе арифметикалық есептер үшін пайдаланылып, кейін келе есептеу әдістері ұмытылғанға ұқсайды. Бұл цифрсыз есеп шығару кілті арқылы кез келген тоғызқұмалаққа ұқсас ойын тақтасында қосу, алу, көбейту және бөлу амалдарын шығаруға болады екен. Яғни, тоғызқұмалақ ең алдымен шәкірттерге ойын түрін меңгерумен қатар, логикалық ойлау дәрежесін жоғарылатуға септігін тигізеді. Тіпті кейбір балаларымыздың осы үйірмеге қатысуы арқылы математика пәніне деген қызығушылықтары артқанын байқауға болады.

Қазіргі таңда республикада тоғызқұмалақтың дербес қауымдастығы бар. Облыс орталықтарында тоғызқұмалақты үйренемін деушілерге қауымдастықтың бөлімшелері мен үйірмелері ашылып, үкімет тарапынан жұмыс жасаймын деген адамдарға қолдау бар екенін айта кеткім келеді. Қазақстанымыз тәуелсіздік алғаннан бері тоғызқұмалақ жылдан-жылға даму үстінде. Бұл жерде тоғызқұмалақ федерациясының ықпалы зор болып отыр. Үйірмелерге қоса, тоғызқұмалақтан жарыстардың жиі ұйымдастырылуы ойыншылардың шеберлігін шыңдайды, үлкен асуларға жетелейді.

- Ендеше, «Шәкіртсіз ұстаз тұл», деген, жоғары табыс-жетістіктерге жетіп жүрген шәкірттерің бар шығар, солар жөнінде айта кетсең?

- Иә, шәкірт табысқа жетуі үшін әуелі үйретуші ұстаздың өзіне көп ізденіс қажет. Міне, осы бағытта қасымдағы шәкіртім, көмекші жаттықтырушы Бауыржан Ахметқалиев екеуміз әрқашан ізденуден жалыққан емеспіз және уақытпен санаспай еңбек етеміз. Шәкірттерімізге сабақтан тыс уақытында алдымен ойынның ережесін түсіндіріп, сосын теориясы мен практикасымен ұштастырамыз. Егер олар табысқа жетіп жатса, онда ұстаздың да маңдай тері бар. «Мектеп – ата-ана – оқушы» – осы үштік одақтың жұмысын жандандыра білген адам мақсатына жетеді Осы орайда кабинетімізді жабдықтап, балалардың түрлі жарыстарға барып, бақ сынауы үшін ата-анамен тығыз қарым-қатынаста еңбектеніп келеміз. Әрине, бұдан барлық жағдайды жасап отырған мектеп әкімшілігі де тыс қалмайды. Шәкірттеріміздің алды елімізде ғана емес, құрлық додаларда бақ сынай бастады. Мысалы, Айым Қонасова Азия чемпионатына қатысты. Әли Кенжин Қазақстан Республикасының жекелей чемпионатында жеңімпаз атанса, Альбина Ешмұхан, Нұрдәулет Мақсотұлы, Ерасыл Бижан қола жүлдеге қол жеткізді. Аңсағаным Жексенғали Тараз қаласында тоғызқұмалақ ойынына еңбек сіңірген еңбек ардагерлері Әбілда Ақшораев пен Серікбай Тілеубаевты еске алуға арналған республикалық жарыста күміс медальді жеңіп алды. Әділ Ахметолла – облыстың екі дүркін чемпионы. Бұлардың бәрі – спорт шеберлігіне үміткер. Мәлика Шүкеева, Әмина Әбухан, Әбдірахман Текебай және басқалары болашағынан үміт күттіреді.

Бұл жерде осы ұлттық ойынға жанашырлық танытып келе жатқан жандарды атап кетсем, артық болмас. Облысымызда біраз жыл бойы аға бапкер ретінде еңбек етіп, қазіргі таңда тоғызқұмалақтан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы болып жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімовке, №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ерден Жанғалиевке және басқаларға алғысым шексіз.

- Соңғы сауал – алдағы арман-мақсаттарың қандай?

- Күні бүгін республика бойынша қазақтың төл ойыны – тоғызқұмалақпен шұғылданушылар саны 100 мыңға жуықтапты. Сонымен қатар шетелдегі қандастарымыз ғана емес, Англия, Франция, Германия, Испания, Чехия, Ресей, Украина, Қытай мемлекеттерінде жергілікті халықтардың арасында ойнаушылар саны артып келеді екен. Осы ретте төл ойынымызды насихаттау мақсатында шығармашылық жоспарым да бар. Атап айтқанда, тоғызқұмалақ ойынын зерттеп, толымды еңбектер жазып, оқу-әдістемелік құралдар шығарғым келеді. Содан кейін шәкірттерімнің санын арттырып қана қоймай, сапасына көңіл бөлу басым бағыт болмақ. Яғни олардың арасынан әлем чемпиондарын тәрбиелеп шығару. Басты арманым осы. Өңірде тоғызқұмалақ ойынын кеңінен дамытуға үлес қосып, ұстаз-бапкер ретінде аянбай еңбек ете беремін.

- Әңгімеңе рахмет. Ұстаздық жолыңда бар арман-мақсаттарыңның орындалуына тілектеспін.


Соңғы жаңалықтар