Тоғызқұмалақтан әлемнің 8 дүркін чемпионы Әсел Дәлиева: Алда тағы бір сын күтіп тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тоғызқұмалақ - ұлтымыздың асыл мұраларының бірі екені даусыз. Оның шығу тарихын әр зерттеушілер әрқалай айтады. Бір жазба деректерде 4 мың жылдық тарихы бар десе, басқа бір деректерде оның пайда болған кезі одан да көп уақыт болуы әбден мүмкін деген болжамдар жасалады. Осы ұлттық спортымыздан бүгінде 4 рет әлем чемпионаты өтіп, қазақтың қыз-жігіттері бас жүлдені өзге елдерге ұстатпай, көш бастап келеді. Сол саңлақтарымыздың бірі есімі тоғызқұмалақ тарихында алтын әріптермен жазылған, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы - Әсел Дәлиева. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісінің Әсел Егізбайқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.

- Әсел Егізбайқызы, оқырмандарға өзіңізді қысқаша таныстыра өтсеңіз?

- 1989 жылы 3 қазанда Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Шымкент каласындағы М.Жұмабаев атындағы №39 орта мектепті қызыл аттестатпен бітірген соң, Алматы қаласындагы Көлік және коммуникациялар академиясына грантқа түсіп, 2011 жылы қызыл дипломмен тәмдадым. Ал, 2013 жылы осы университеттің магистратурасын аяқтадым. 2011 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша сырттай оқуға түсіп, оны 2013 жылы тәмамдадым. Осы оқу кездерінде ана тілімнен өзге орыс, ағылшын, түрік тілдерін еркін сөйлей алатын деңгейге жеттім.

- Төл ойынымыз болып санатын тоғызқұмалаққа қалай келдіңіз?

- Тоғызқұмалақ ойынына ең алғаш анам Нәзира алып келді. Мен ол кезде 9 жаста болдым. Анам тоғызқұмалаққа деген қызығушылығымды байқап, ойын тақтасын арнайы сатып алып берді. Тіпті, тоғызқұмалақтың алғашқы ережелерін өзі үйретті. Отбасылық жағдайға байланысты сол жылы Қызылорда қаласына көшіп барып, сондағы «Тоғызқұмалақ» клубына береді.
null

- Алғашқы бапкеріңіз кім болды?

- Қай спорт түрінде болмасын, спортшының бағының жанбағы бапкеріне байланысты. Бұл ретте менің бапкерден жолым болды. Алғашқы жаттықтырушым - Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Еркетай Имамбаев болды. Ол кісі менің бойымдағы ұшқынды ә дегеннен танып, спорттағы жұлдызымды жақты десем болады. Осылайша 2000 жылдан бастап небір саңлақ спортшылар бақ сынасқан ұлттық ойын сайыстарына қатыса бастадым. Әр жарыстан жүлдемен оралып, ата-ананың, жаттықтырушымның және бүкіл жерлестерінің үкілі үмітін ақтап, абыройын асқақтата бастадым. Алдымен облыс құрамасына, көп өтпей республика құрамасына алынып, тоғызқұмалақ спортының биіктерін бірінен кейін бірін бағындырдым.

- Осы биіктергежету үшін қандай қиыншылықтарды бастан өткіздіңіз?

- Негізі, ес білгелі осы спорт түрімен айналысып келе жатырмын. Нақтылы есептеп көрсем, тура 20 жылға жыл болыпты. Ең алғаш тоғызқұмалақты үйреніп, үйірмеге қатысып жүргенімде Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Еркетай Иманбаев күніне 3 сағат, ал демалыс күндері 6 сағат және одан да көп уақыт жаттықтыратын. Бұл кісінің жақсылығын өмір бойы ұмытпаспын. Осы деңгейге жетуіме тікелей сол кісінің көмегі тиді. Тоғызқұмалақты өзім де қатты ұнаттым. Сондықтан болар, бапкерім қанша сағат үйретіп жаттықтырса да жалықпайтынмын. Жаттығудан да бір минутқа кешігіп көрген емеспін. Менің кішкентай кезімде анам көзі тірісінде: «Әсел жаттығып жүрген үйірме орталығына өзімен бірге төсегі мен көрпе-жастығын апарып салыңдар», - деп әзілдейтін. Себебі, мен азанда кеткеннен түн ортасында үйге сүрініп-жығылып жетеді екенмін. Ол кезде баламыз ғой. Тоғызқұмалақ үйірмесіне алғашында үй шаруасынан қашып баратынмын. Кейіннен құмарым артып, қатты қызығып, ақыры сүйікті спортыма айналып кетті.
null

- Мамандардың зерттеуінше, әлемде тоғызқұмалаққа ұқсас, тақта үсті ойындарының 400-ден астам түрі бар екен...

- Шынымен де дүние жүзінде тоғызұмалаққа ұқсас ойындар өте көп. Мен үшін ол ойындар өте қызық, кейде зерттеулер жүргізгім келеді. Бірақ, мамандығым оған сайкес келмейді. Сол ойындардың ішінде мангала, овари, калах, тағы басқа түрлерін жақсы білемін. Ойнап та жүрмін. Оның ішінде өзіме қатты ұнайтыны - овари. Бұл ойыннан бірнеше турнирлерге қатысып та үлгердім. Швейцарияның Лятурдепе және Францияның Канн қаласында өткен халықаралық турнирлерде 3-орынға ие болдым. Тоғызқұмалақ ойнай білетін адам бұл ойындарды тез әрі оңай меңгеріп кете алады. Себебі, бұл ойындар тоғызқұмалақ сияқты күрделі емес, ойын ережелері жеңілдеу.

- Ал тоғызқұмалақ ойыны несімен күрделі?

- Тоғызқұмалақ тектес ойындардың ішінде ең күрделі ойын - тоғызқұмалақ. Себебі, басқа ойындарда құмалақ немесе тас саны аз болады. Айталық, овари ойынында барлығы 48 тас, ал біздің тоғызқұмалақта 162 құмалақ бар. Қарсыласты жеңу үшін кем дегенде 82 құмалақ жинау қажет және басқа ойындардан тағы бір ерекшелігі - «тұздық» ережесі бар. Бұл ереже басқа ойындарда мүлдем жоқ.


null

- 25 сәуірде Түркияда кезекті әлем чемпионаты басталады. Дайындығыңыз қалай?

- Алдымызда тағы бір үлкен сын күтіп тұр. Қазір сол біріншілікке тыңғылықты дайындалып жатырмыз. 5-ші рет жалауын көтергелі отырған әлем чемпионатына Алла қаласа, өзімнің тәрбиелеп жатқан шәкіріммен қатысқалы отырмын. Сондықтан, биылғы әлем біріншілігінің жүгі мен үшін ауыр болмақ. Бұйырса, барымызды салып, жүлдемен ораламыз деген мақсатымыз бар.

- Әңгімеңізге рахмет!

***

Анықтама: Әсел Қазақстан бойынша ересектер арасындағы республикалық чемпионатты жеңіп, ең жас спорт шебері атағына 12 жасында ие болды және 16 жасында ең жас Халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Қазақстанның 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы чемпионаттарының 6 дүркін жеңімпазы, Қазақстанның ересектер арасындағы сайыстарында 13 дүркін чемпионы, сонымен қатар 3 дүркін Азия чемпионы атанса, 8 дүркін тоғызқұмалақтан әлемнің чемпионы атағын қанжығасына байлаған жалғыз спортшы. Бұдан басқа да көптеген шетелдерде өткен (Прага, Пардубици, Лятурдепе, Канн, Антигуа жане Барбуда, Анталья, Ыстанбұл, Бішкек, Ташкент, Орынбор) халықаралық жарыстардың жеңімпазы болған.

null null null null null

Соңғы жаңалықтар