+7 (701) 759 90 19
USD 389.59 EUR 429.06
RUB 6.05 CNY 55.07
Jańalyqtar

Тоғызқұмалақ әлемдегі 150-ге жуық зияткерлік ойынның көшін бастап тұр - Айнұр Жақапбаева

2019 жылғы 22 сәуір 05:00
Бөлісіңіз:
Тоғызқұмалақ әлемдегі 150-ге жуық зияткерлік ойынның көшін бастап тұр - Айнұр Жақапбаева

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Санаулы күндерден кейін Түркияның Анталия қаласында төл ойынымыз тоғызқұмалақтан V әлем чемпионатының алауы тұтанады.

Бұл күндері ұлттық ойынымыздан кезекті әлемдік додада ел намысын қорғайтын спортшылар соңғы дайындықтарын пысықтап, жарысқа сақадай сай отыр. Ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бір бөлігі саналатын спорттық және зияткерлік ойындарымыздың орны қашанда ерекше.

Соңғы кездері төл ойынымыздың тамыры тереңге тартып, елімізде ғана емес, өзге елдерде де дами бастады. Соның бір дәлелі әлемдік доданың Түркияда өтуі.

Бүгін осы біріншілік жайында ҚазАқпарат тілшісіне Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Тоғызқұмалақтан Қазақстанның ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Айнұр Жақапбаева сұхбат беріп, пікірлерімен бөлісті.
null

- Төл ойынымыз тоғызқұмалақтан Түркия төрінде өтетін әлем біріншілігіне дайындықтарыңыз қалай?

- 2019 жылдың 25 сәуір 5 мамыр аралығында Түркияның Анталия қаласында тоғызқұмалақтан V әлем чемпионатын өтетіні туралы БАҚ өкілдері осыған дейін жазды. Осы үлкен додаға ел намысын қорғайтын Қазақстан құрама командасы соңғы дайындықтарын пысықтап, жарысқа сақадай сай отыр. Дайындығымыз өте жақсы.

- Әлем біріншілігінде басты қарсыластарымыз қай елдің ойыншылары болуы мүмкін?

- Басты қарсыластарымыз Қырғыз Республикасы және Моңғолия спортшылары болары анық. Себебі, бұл елдерде қазір тоғызқұмалақ ойыны жақсы дамып келеді. Осыған дейін бұл елдердің ойыншыларының ойнау стилдерін талдап, нақтылы жоспарлар жасадық. Әлемдік дода өте тартысты болмақ. Себебі, осы әлемдік чемпионатқа бұрынғылармен салыстырғанда мемлекет саны да, спортшылар да көбірек қатысады деп жоспарлануда. Соңғы чемпионаттарда өте жаксы ойын көрсетіп жүрген Моңғолия құрамасындағы спортшылары да бар. Еуропалықтардың арасында Чехия мемлекетінің спортшылары, ал Оңтүстік Америкадан Колумбия спортшыларын айтуға болады. Бұл чемпионатта жаңа елдер, жаңа есімдер де шығуы мүмкін. Барлығын тақта басындағы ойындар шешеді.
null

- Тоғызқұмалақтан әлем біріншілігінде бір спортшы ойынның бірнеше түрінен сынға түсе ала ма?

- Әрине, әлем чемпионатын тоғызқұмалақтың классика, блиц және ашық рапид турі бойынша жарыстар өткізіледі. Сондықтан, әр түрінен чемпион атануға толық мүмкіндік бар.

- Бұл сында басты кімдерге үміт артылып отыр? Жалпы, Қазақстаннан жарысқа қанша ойыншы барады?

- Қазақстан құрама командасы сапында 10 спортшы бар. Басты үміт артатын спортшылар арине командамыздың үздіктері 8 дуркін әлем чемпионы ҚРЕССШ Асель Далиева, 3 дүркін әлем чемпионы ҚР ЕССШ Хакімжан Елеусінов, 3 дүркін әлем чемпионы ҚР ЕССШ Серік Ақтаев, әлем чемпиондары ХДСШ, Ғалымжан Темірбаев, Салтанат Сапарбекова, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, ХДСШ Жанат Қаймулдиндерге сенім артып отырмыз. Әрине команда үздіктеріне қарап, бой түзеп келе жаткан жас таланты спортшылар да бар. Атап айтсак, 2018 жылғы Азия чемпионатында жеңімпаз атанған ХДСШ Гүлжанат Алдабергенова, былтырғы Қазақстан чемпионатында жаксы ойын көрсетіп Қазақстан чемпионы атанған СШ Саят Жандарбек, Аружан Абдыханова сынды спортшыларға да үлкен үміт артып отырмыз.
null

- Әлем чемпионатын Түркияда өткізуге не себеп болды?

- Тоғызқұмалақтан кезекті əлем чемпионатын өткізу 2017 жылы Астана қаласында қыркүйек айында өткен мəжілісте шешілген болатын. Түркия Мангала Федерациясының төрағасы Рауф Өзген осы шараны өткізуге құлшыныс білдіріп, зияткерлік эстафетаны қолға алған болатын. 2007 жылдан бастап бұл елде өткізілген халықаралық жарыстар мен семинарлардың арқасында 10 жылдың ішінде бауырлас елде əлем чемпионатын өткізудің пісіп жетілгенін көріп, сол мәжілісте шешім қабылданған болатын. Түркия жылына тоғызқұмалақтан екі рет халықаралық жарыс өткізіп, көптеген елдердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл елдегі жарыстарды ұйымдастыру деңгейі өте жоғары және ұлттық ойынды үйренуге деген құлшыныстары да ерекше.

- Осыған дейінгі әлем біріншіліктерінде, 2010 жылғы Астанада өткен тұңғыш әлем чемпионатына 16 елдің ойыншылары, 2012 жылы Чехияда өткен ІІ әлем чемпионатына 10 елден спортшы, 2015 жылы Алматыда 23 елден спортшы бақ сынаса, соңғы ІV әлем біріншілігінде 25 елден 70-тен астам тоғызқұмалақшы келіп, бақ сынады. Биыл Түркия төріне қанша елден ойыншы қатысады деп жоспарланған?

- Биылғы əлем чемпионатына 25 елден 100-ге жуық спортшылар қатысады деп жоспарлап отырмыз. Жарыс тоғызқұмалақтың классика, рапид жəне блиц түрінен өткізіледі. Əлем чемпионатына алғаш рет Латвия, Пәкістан, Эфиопия, Сауд Арабиясы, Румыния секілді елдердің спортшылары қатысады.
null

- Өзге елдердің тоғызқұмалаққа деген көзқарасы қалай? Төл ойынымыз оларды несімен қызықтырады?

- Тоғызқұмалақтың жеке тұлға бойындағы ойшылдық, есептегіштік қасиеттері мен қиял байлығын арттыруы, жеке өнер туындысы ретіндегі эстетикалық қырлары, өзіндік төлтума мәдениет ерекшеліктері шетел азаматтарын барынша қызықтырады. Көшпенділердің зияткерлік спортын үйренгісі келген көптеген тұлғалар Әлем, Азия, Еуропа чемпионаттарына қатысып, бай тәжірибе жинады. Бұл чемпионаттарға қатысқан олар да өзіндік болмысын биіктетсе, тоғызқұмалақтың да әлемде танымалдылығы арта түсті.

Бүгінгі таңда тоғызқұмалақтан Моңғолия, Кытай, Ресей. Чехия мектеп оқушыларының қатысуымен ұлттық біріншіліктерді өткізу қолға алына бастаған. Сол сияқты, тоғызқұмалақтан Франция, Ұлыбритания, Швейцария, Колумбия, Антигуа Барбуда елдерінде зияткерлік ойындар фестивальдар бағдарламасында халықаралық жарыстар жүйелі турде өткізіп келеді.

2009 жылы канадалық Арти Сандлер деген азамат iggamecenter.com сайтына тоғызқұмалақтың онлайн түрде ойнайтын бағдарламасын енгізді. Қазіргі кезде 150-ге жуық зияткерлік ойындардың арасында тоғызқұмалақ ең көп ойналатын ойындардың көшін бастап тұр.

Шетелдерден тоғызқұмалақтың ойын тақталары мен оқулықтарға сұраныстар көбейіп отыр. Кытай мемлекетінде тақта шығарылып жергілікті сұранысты толық қамтып отыр, ал түрік бауырларымыз тоғызқұмалақ тақтасын өз елдерінде шығаруды ойластыру үстінде.

Бұл да - тоғызқұмалақтың халықаралық деңгейдегі беделінің көтерілуі мен бұқаралық сипатының артуының көрсеткіші болса керек.
null

- Ал тоғызқұмалақ ойыны өз еліміздің қай өңірінде кеңірек дамыған?

- Қазіргі таңда тоғызқұмалаққа ден қойғандардың басым бөлігі - жастар. Ресми деректер бойынша, 190 мыңнан артық мектеп жасындағы бала тоғызқұмалақ ойнайды. Мектептерде 10 мыңнан астам үйірме бар. Спорт мектептеріндегі 127 тоғызқұмалақ бөлімшесінде 300-ден астам жаттықтырушы жұмыс істейді. Егер осыдан бір 5-7 жыл бұрын тоғызқұмалақ көбіне тек оңтүстік өңірлерінде жаксы дамыды десе, бүгінгі танда Қазақстанның барлық аймағында тоғызқұмалақ қанатын кеңінен жайып келеді десек болады. Әсіресе, Қызылорда, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, БҚО және Түркістан облыстары көш басында келе жатыр.
null

- Соңғы кездері Қытайда, Түркия елдерінде «тоғызқұмалақ ойыны мектеп бағдарламасына пән ретінде енгізіліпті» деген әңгімелер естіп қалып жатамыз. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

- Тоғызқұмалақты қосымша пəн ретінде мектеп бағдарламасына енгізу бүгінгі күні ең өзекті мәселе. Қазақстанда кейбір мектептерде пилоттық тәжірибе ретінде қолға алынып, бұқаралық сипат алу үшін жұмыстар жасалуда. Қытайдың Үрімжі қаласында 100-ге жуық мектепте қосымша пəн ретінде енгізілгені шындық. Шынар Қапан, Тоқтарбек Мұхамедқалиұлы секілді азаматтар Шыңжаң өлкесін тоғызқұмалақ тақтасы мен кітаптарымен қамтамасыз етіп, жергілікті ұлт өкілдерінің де көптеп үйренуіне жағдай жасады. Түркияда тоғызқұмалақ қосымша пән ретінде енгізілмесе де, жаз айларында сауықтыру лагерлерінде қосымша сабақ ретінде үйретіледі.

- Әңгімеңізге рахмет!

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Спорт, Қоғам,
Бөлісіңіз:

Автор:

Күнсұлтан Отарбай

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT