«Тобыл» клубына соңғы оқиғадан кейін жаңа дәрігер келді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - «Тобыл» футбол клубының құрамына жаңа дәрігер таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат клубтың сайтына сілтеме жасап.

Командаға қазақстандық маман Вадим Иванов келді. Оның мамандығы - дәрігер-хирург және спорт дәрігері. Ол М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы мен С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін аяқтаған.

Бұған дейін «Ақтөбе» футбол клубы қосалқы құрамының, «Ақжайық» және «Атырау» командаларының дәрігері болған. Вадим Иванов Қазақстан жастар құрамасының дәрігері болып та жұмыс істеді.

Айта кетейік, Қазақстан чемпионатының 8-ші турындағы «Астана» - «Тобыл» кездесуіне алаң қонақтарының екі футболшысы шықпай қалған еді. Мұның себебін бас бапкер Владимир Газзаев түсіндірді.

«Астанамен» ойынның алдында Сенин Себаи мен Дмитрий Мирошниченко өздерін жайсыз сезініп, дәрігердің көмегіне жүгінді. Ауруханада оларды жансақтау бөліміне жатқызды. Себебі, олардың тағамнан уланғаны анықталды. Қазір Мирошниченконың жағдайы ауыр. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр», - деген болатын команданың бас бапкері.

Сонымен қатар, жұмысына салғырт қарағаны үшін «Тобыл» клубының дәрігері Александр Ким қызметінен босатылды.

Соңғы жаңалықтар