ТМД жоғары қаржы бақылау органдары ұлттық проблемалар жүйелі дағдарысқа айналып кетпеуі үшін өзара белсенді іс-қимыл жасауы керек - О. Өксікбаев

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Тәуелсіз мемлекеттер достастығының жоғары қаржы бақылау органдары салалық немесе ұлттық проблемалар кең көлемдегі жүйелі дағдарысқа айналып кетпеуі үшін өзара белсенді іс-қимыл жасаулары тиіс.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев Душанбедегі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Жоғары қаржы бақылау органдары (ЖҚБО) басшылары кеңесінің IX сессиясында осылай мәлімдеді. Бұл туралы ҚазАқпарат Есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Дағдарыс жағдайында жаңа экономикалық тетіктер мен бағыттарды қалыптастыруға қажеттілік туындап отыр. Дамыған мемлекеттердің түгелге жуығы бастан кешіп отырған проблемалардың нақты ауқымы болжанғаннан әлдеқайда ауқымды екені күн өткен сайын айқын біліне бастады. Сонымен, салалық немесе ұлттық проблемалар кең көлемді дағдарысқа айналып кетпеуі үшін, жоғары қаржы бақылау органдары өзара белсенді іс-қимыл жасаулары тиіс», - деді Омархан Өксікбаев. Оның пікірінше, қазіргі жағдайда мемлекет қаражатын тиімді пайдалану көкейкесті мәнге ие болуда. Сонымен бірге, Төраға  дағдарыс жағдайында әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды салаларын қолдауға бағытталған бюджет қаражатын мақсатты пайдалануға және тиімді игеруге баса назар аудару қажеттігін жеткізді. «Жекелеген елдерде ұлттық деңгейде қолданып жатқан дағдарысқа қарсы шараларды түрлі форматтағы халықаралық алаңдарда өзара тиімді іс-қимылмен нығайту өте маңызды деп есептейміз. Тек сонда ғана біз көп полярлық халықаралық қаржы-экономикалық жүйені қалыптастырудың стратегиялық міндеттерін шешуге іс жүзінде жақындай аламыз», - деп атап өтті Есеп комитетінің басшысы.

Сонымен қатар, О. Өксікбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда күш-жігерді белсенді үйлестіру қажет деп есептейді. «Кез келген елде қылмыстық құрылымдар мен жемқор лауазымды адамдардың жең ұшынан жалғасқан қылмыстық әрекеттері үшін жауапқа тартылмауы және олардың сөз байласып заңды экономиканы қаржылық қанауы әдетке айналған, бұл дағдарысты күшейте түсуде», - деді Омархан Өксікбаев.

Естеріңізге сала кетейік, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ЖҚБО басшылары кеңесінің IX сессиясы жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарларын еңсерудегі жоғары қаржы бақылау органдарының рөлін талқылауға арналған. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің жоғары қаржы бақылау органдары кеңесі басшыларының кеңесі ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жоғары қаржы бақылау органдары арасында өзара іс-қимылды үйлестіру және тәжірибе алмасуда ынтымақтастықты ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшін 2000 жылы құрылған болатын.

Соңғы жаңалықтар