ТМД саммитін өткізуге себеп көп - сарапшы Салтыбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең, 28 қыркүйек күні Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің кезекті саммиті өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаевтың айтуынша, ТМД экономикадан бастап геосаясатқа дейін барлық мәселелерді талқылау үшін өте ыңғайлы формат. «Бұған дейін «ТМД әлсіреп барады, аталған ұйым тек бұрыңғы КСРО елдерін ажыратудың өркениетті жолы ғана» деген сияқты әңгімелер болған. Алайда ТМД құрылғалы бері 27 жыл өтті. Дегенмен, аталған формат жұмыс істеп тұр. Демек, оған сұраныс бар. Ал сұраныс бар болса, оған қатысатын мемлекеттер өз пайдасын көріп отыр», - деді Е.Салтыбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Сарапшының сөзіне қарағанда, ТМД кеңесі қатысушы мемлекеттерді өз шешімдерін орындауға міндеттемейді. Барлығы консенсус негізінде қаралады.

«Оны «Президенттер деңгейіндегі диалог» деп атауға болады. Соның арқасында үнемі байланыс ұстап, күнделікті мәселелер бойынша шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік бар. Ол жағынан ТМД өз функциясын толығымен орындап отыр. Сосын ТМД-ға мүше кейбір елдер Еуразиялық экономикалық одаққа да кіреді. Демек, одақ аясындағы мәселелерді қарастыруға да мүмкіндік бар. Сондықтан бұл өте ыңғайлы формат. Ал жиналуға себеп жетерлік. Қазір геосаяси, әскери, санкциялық қауіп-қатерлер көп. Соның бәрін шұғыл талқылап отыру қажет. Әрине, президенттерге телефонмен сөйлесе салуға да болатын еді. Дегенмен, осындай жиындарда мемлекет басшылары «тет-а-тет» кездесіп, барлық мәселелерді қарастыра алады. Меніңше, ТМД кеңесі өз функциясын толығымен орындап отыр», - деп атап көрсетті Е.Салтыбаев.

Соңғы жаңалықтар