ТМД саммиті: 27 жылда не жасалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 қыркүйек күні Тәжікстанның астанасы - Душанбе қаласында ТМД саммиті өтеді. Оған ұйымға мүше мемлекеттер жиналып, күн тәртібінде тұрған маңызды әрі өзекті мәселелерді талқыламақ. ҚазАқпарат тілшісі аталған ұйымның басты органы - Президенттер кеңесінің кезекті отырысы алдында бұған дейінгі жиындарға шолу жасап, қабылданған шешімдерді пысықтап шыққан болатын. Ал Ақорданың баспасөз қызметі тарихи маңызы бар фотосуреттерді ұсынды.

1991 жылы Ресей, Беларусь пен Украина Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы бастаманы көтерді. 8 желтоқсан күні аталған үш елдің басшылары Беловеж орманында орналасқан үкіметтік саяжайда бас қосып, ТМД-ны құру туралы келісімге қол қойған болатын. Тура бес күннен кейін Орталық Азия елдері - Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан басшылары Ашхабадта жиналып, жаңа ұйымға кіруге қатысты өз ұстанымдарын білдірді. Атап айтқанда, КСРО-ға мүше болған республикалар тең дәрежеде жұмыс істеуді талап етті. Сол кезде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ға қатысушы барлық мемлекеттерді Алматы қаласына шақырып, ортақ шешімді бірлесіп қабылдауды ұсынған еді.  Осылайша, бір аптадан кейін қазақ жерінде өткен жиынға одақтас 11 елдің басшылары қатысты. Олар - Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Украина, Беларусь, Армения мен Молдова. Нәтижесінде барлық мемлекеттер басшылары бір ауыздан Алматы декларациясына қол қойды.

1
Алматы декларациясына қол қою рәсімі, 12.12.1991 ж.

Аталған құжатта ТМД-ның мақсат-міндеттері мен негізгі ұстанымдары көрсетілді. Оған сәйкес, ұйымға мүше мемлекеттер барлық үйлестіруші органдарға тең дәрежеде қатысады және ортақ экономикалық кеңістікті дамытады. Декларацияда ТМД-ның құрылуымен бір мезгілде КСРО-ның ыдырауы жайында анық жазылған болатын. Сөйтіп, Алматыда өткен кездесу посткеңестік аумақта мемлекеттік құрылымды түбегейлі өзгертіп, бұрынғы КСРО республикаларына тәуелсіз мемлекеттер болып қалыптасуына жол ашты.

null
Алматы декларациясына қол қойғаннан кейінгі сурет, 12.12.1991 ж.

Негізі, Беловеж орманында қабылданған ТМД туралы алғашқы келісімді Беларусь пен Украинаның Жоғарғы кеңестері екі күннің ішінде мақұлдаған болатын. Ресейдің кеңесі де бірден қабылдады. Алайда халық депутаттарының съезі оны өткізбей қойды. Оның жыры біраз уақытқа созылды. Екі жылдан кейін Ресейде «қазан бүлігі» бұрқ етіп, танкілер кеңестер үйіне оқ жаудырды. Содан Жоғарғы кеңес те, депутаттар съезі де тарады. Ал Алматы декларациясы арқасында ТМД-ны құру жұмысы толығымен аяқталды. Сол тұста ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа ұйымды құруға қатысты өз пікірін де білдірген болатын.

Алматыдағы келелі кездесуде ТМД-ның жоғарғы органы - Мемлекет басшыларының кеңесі құрылды. Кеңеске кіретін әрбір елдің дауыс беру құқығы бар. Ал барлық шешімдер консенсус негізінде қабылданады. Алматыдағы кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында Қазақстан, Ресей, Беларусь пен Украина өз жеріндегі ядролық қаруға қатысты бірлескен шараларды қолға алатынын да мәлімдеді.

3
ТМД басшыларының бірлескен баспасөз мәслихаты Алматы, 12.12.1991 ж.

ТМД басшылары алғашқы ресми кездесуді өткізу уақытын ұзаққа созған жоқ. Алматыдағы жиыннан кейін араға 9 күн салып, тура жаңа жылдың алдында ұйымға мүше мемлекеттер Минск қаласында бас қосты. Сол жерде президенттер ТМД мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының кеңестері туралы келісімді рәсімдеді. Дәл сол саммитте қарулы күштер мен шекара әскері туралы келісімге де қол қойылды. Соның аясында ТМД-ға мүше әрбір мемлекет жеке қарулы күштерін құру құқығында  рәсімдеп алды.

4
Минск қаласы, 1991 ж.

ТМД-ның жұмысын ұйымдастыру шаралары екі жылда аяқталды. Осы уақыттың ішінде шекара әскерлері қолбасшыларының кеңесі, Парламентаралық Ассамблея, сыртқы істер министрлерінің кеңесі,  экономикалық сот, қорғаныс министрлерінің кеңесі және тағы басқа салалық кеңестер құрылды. Бұдан бөлек, «МИР» мемлекетаралық телерадиокомпаниясы ашылды. 1993 жылдың басында ұйымның негізгі құжаты - Жарғы қабылданды.  

5
Минск, 16.04.1993 ж.

6
Ташкент, 14.05.1993 ж.

ТМД-ның Жарғысына Украина мен Түрікменстан қол қойған жоқ. Халықаралық заңнама бойынша ондай мемлекеттер ұйымның мүшесі бола алмайды. Дегенмен, ТМД-ның құрылтайшысы әрі қатысушысы болып қала береді. Ал 2005 жылы Қазан қаласында өткен саммитте Түрікменстан ТМД-ның жұмысына «ассоциацияланған мүше» ретінде қатысатынын мәлімдеді. Бұл дегеніміз, Түрікменстан ұйымның барлық шараларына қатыспайды, тек өзіне қажетті органдардың жұмысына ғана араласады дегенді білдіретін еді.

7
Алматы, 10.02.1995 ж.

8
Алматы, 10.02.1995 ж.

ТМД-ның Жарғысына дейін тағы бір маңызды құжаттың қабылданғанын ерекше атап өткен жөн. 1992 жылы бірқатар мемлекеттер ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімшартты рәсімдеді. Сөйтіп, жоғарғы органның жанынан Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі құрылды. Алайда жаңа келісім толыққанды іске аспады. Ал 1999 жылы оны ұзартуды тек алты мемлекет - Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Тәжікстан мен Армения ғана қолдады. 2003 жылы ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты негізінде жаңа халықаралық аймақтық ұйым - Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы құрылды. Бүгінде оның құрамына келісімді ұзартуды қолдаған алты мемлекет кіреді. Жаңа ұйым аясында мемлекет басшылары бөлек кездесіп, әскери қауіпсіздік мәселелерін талқылап отырады. Жыл сайын алты елдің бірлескен оқу-жаттығулары да ұйымдастырылады.

9
Мәскеу,19.01.1996 ж.

10
Отырыстан кейінгі баспасөз мәслихаты, Мәскеу,19.01.1996 ж.

11
Кишинев, 23.10.1997 ж.

12  
Мәскеу, 29.04.1998 ж.

13  
Мәскеу, 02.04.1999 ж.

1999 жылдың соңында Ресей Федерациясының президенті Борис Ельцин өз еркімен отставкаға кеткен болатын. Президенттің міндетін атқарушы қызметіне Владимир Путин тағайындалды. Келесі жылы Мәскеуде ТМД басшыларының үш бірдей кездесуі өтті. Біріншісіне В.Путин президенттің міндетін атқарушы ретінде қатысса, одан кейінгі жиындарға Ресейдің ресми басшысы ретінде келді.

null  
Мәскеу, 25.01.2000 ж.

15  
Мәскеу, 21.06.2000 ж.

16
Минск, 01.12.2000 ж.

2004 жылы Астанада өткен саммитте ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ның құрылымын түбегейлі өзгертуді ұсынды. Мемлекет басшысы ұйымның жанынан Қауіпсіздік кеңесін құрып, кейбір атқарушы органдардың функцияларын Терроризмге қарсы орталыққа беру керектігін жеткізді.

17
Астана, 16.09.2004 ж.

18
Астана, 16.09.2004 ж.

19
 Астана, 16.09.2004 ж.

Ал екі жылдан кейін өткен бейресми саммитте Нұрсұлтан Назарбаев ТМД аясындағы ынтымақтастықты жүргізудің нақты бес бағытын айқындап берді. Соның ішінде көші-қон саясаты, көлік-логистика, білім мен мәдениет, трансшекаралық қылмыс және гуманитарлық сала бар. Бұның барлығы ТМД-ның 15 жылдық жұмысына жасалған талдаудың негізінде анықталды. Кеңес мүшелері оған қорғаныс мәселесін де қосты.

20
Минск, 28.11.2006 ж.

21  
Минск, 28.11.2006 ж.

Осылайша, барлығы бірдей Қазақстанның ұсынысын қабылдап, сыртқы істер министрлер кеңесіне ТМД-ны дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Бір жылдан кейін Душанбеде өткен саммитте аталған құжат рәсімделді.

22
 Душанбе, 05.10.2007 ж.

23
Душанбе, 05.10.2007 ж.

24
Душанбе, 05.10.2007 ж.

2008 жылы мемлекет басшылары ТМД-ның 2020 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясын мақұлдады. Аталған құжатты іске асыру шаралары үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңнің қорытындысы бойынша еркін сауда аймағы туралы келісімшартқа қол қойылды. Соның арқасында ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстар жандана түсті. 2015 жылы стратегияның екінші кезеңі аяқталды. Қазіргі кезде үшінші кезең аясындағы шаралар атқарылып келеді. Негізгі мақсат - ТМД елдерінің экономикаларын инновациялық даму режиміне ауыстыру.

25
Бішкек, 10.10.2008

26
Бішкек, 10.10.2008

Бір жылдан кейін Грузия ТМД-дағы 16 жылдық мүшелігін тоқтатты. Алайда аталған мемлекет ұйымға қарасты органдар қабылдаған шешімдер мен халықаралық келісімшарттарға қатысуды тоқтатқан жоқ. Грузия ТМД-ға мүше мемлекеттермен екіжақты байланыстарды дамытуға мүдделі екенін мәлімедеді.

27
Алматы, 19.12.2009  ж.

28
 Мәскеу, 10.12.2010 ж.


29
 Душанбе, 03.09.2011 ж.

30
Мәскеу, 19.12.2011 ж.

2012 жылы Ашхабадта ТМД-ға мүше мемлекеттердің қаржылық барлау құрылымдары жетекшілерінің кеңесі құрылды. Бұдан бөлек, терроризмге қарсы күштердің дайындығына арналған келісімдер рәсімделді. Бұның барлығы ұйымды дамыту тұжырымдамасы аясында жасалды.

31
 Ашхабад, 05.12.2012 ж.


32
Мәскеу, 15.05.2012 ж.

33
Минск, 25.10.2013 ж.

Ал 2015 жылғы саммит Бурабайда өтті. Сол жерде ТМД-ны бұдан ары дамыту мәселесі қаралды. Осы орайда ҚР Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұйымға жаһандық өзгерістерге бейімделу қажеттігін жеткізді. Бұдан бөлек, халықаралық қауіпсіздік мәселесі жан-жақты талқыланды. «Мен БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен террористік ұйымдармен күрес жөніндегі әлемдік желіні құруды ұсынған болатынмын. Бізге осы бағытта бірлескен жұмысты күшейту керек. Осы салада ТМД-ның Терроризмге қарсы орталықты барынша пайдалану қажет», - деді Н.Назарбаев.

34
 Бурабай, 16.10.2015 ж.

Бурабайда өткен кездесу кезінде Беларусь басшысы Александр Лукашенко Қазақстан президентіне осы елдің мемлекеттік наградасы - «Халықтар достығы» орденін тапсырды. «Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ны құру мен дамыту жұмысына үлкен үлес қосты. Ол бірінші болып еуразиялық интеграция идеясын көтерді. Осының бәрі халықтар арасындағы достықты ғана емес, біздің мемлекеттерде тұрып жатқан азаматтардың өмірін де жақсартуға көмектеседі», - деді А.Лукашенко.   

35
Бурабай, 16.10.2015 ж.

Бүгінде ТМД тәуелсіз мемлекеттердің ынтымақтастығын тең дәрежеде жүргізудің бірден-бір формасы болып саналады. Оның аясында мемлекетаралық қарым-қатынастың барлық салалары қаралады. Негізгі мақсат - интеграциялық процестер арқылы аймақты дамыту, сауда-экономикалық байланыстарды күшейту. ТМД халықаралық қауымдастық та мойындап отыр. Мәселен, БҰҰ Бас Ассамблеясы ұйымға бақылаушы мәретебесін берді. Бұдан бөлек, басқа да аймақтық бірлестіктермен тығыз байланыстар орнатылған.

36
Бішкек, 16.09.2016 ж.

Бұл жолы ТМД басшыларының отырысы кезекті рет Душанбе қаласында өтеді. Алқалы жиында маңызды әрі өзекті мәселелер көтерілетіні күтіліп отыр. «Ондай жерде экономикадан бастап геосаясатқа дейінгі барлық мәселелер қаралады. Бұған дейін «ТМД әлсіреп барады, аталған ұйым тек бұрыңғы КСРО елдерін ажыратудың өркениетті жолы ғана» деген сияқты әңгімелер болған. Алайда ТМД құрылғалы бері 27 жыл өтті. Аталған формат жұмыс істеп тұр. Демек, оған сұраныс бар. Ал сұраныс бар болса, оған қатысатын мемлекеттер өз пайдасын көріп отыр», - дейді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев.

37
Сочи, 11.10.2017 ж.

Жалпы ТМД-ны «президенттер деңгейіндегі диалог» деп атауға болады. Соның арқасында ашық пікір алмасып, күнделікті мәселелер бойынша шұғыл шешім қабылдауға мүмкіндік бар. «Сосын ТМД-ға мүше кейбір елдер Еуразиялық экономикалық одаққа да кіреді. Демек одақ аясындағы мәселелерді қарастыруға мүмкіндік бар. Сондықтан бұл өте ыңғайлы формат. Ал жиналуға себеп көп. Қазір геосаяси, әскери, санкциялық қауіп-қатерлер өршіп тұр. Соның бәрін шұғыл талқылап отыру қажет. Әрине, президенттерге телефон арқылы сөйлесе салуға да болады. Дегенмен, осындай жиындарда мемлекет басшылары «тет-а-тет» кездесіп, барлық мәселелерді қамти алады. Меніңше, ТМД кеңесі өз функциясын толығымен орындап отыр», - деді Е.Салтыбаев ҚазАқпарат тілшісіне білдірген пікірінде.

Соңғы жаңалықтар