ТМД Парламентаралық Ассамблеясы диалогтың тиімді алаңына айналды - Павел Казанцев
2022 жылғы 29 наурыз 13:03

ТМД Парламентаралық Ассамблеясы диалогтың тиімді алаңына айналды - Павел Казанцев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Павел Казанцев ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің рөлі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикер жиынға қатысушыларды ТМД ПА-ның 30 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Біз ТМД Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойын Алматыда атап өтіп жатқанымызға қуаныштымыз. Бүгінгі күні ТМД Парламентаралық Ассамблеясы диалогтың тиімді алаңына айналды», - деді ол.

Павел Казанцев Парламенттік ынтымақтастық мемлекеттердің көпжақты өзара іс-қимыл негіздерінің бірі екенін атап өтті.

«Бүгінде әлемдегі геосаяси ахуалдың бұрын-соңды болмаған шиеленісуі жағдайында парламенттік дипломатия жанжалдардың алдын алу жөнінде аса маңызды рөл атқарады. Украинадағы оқиғаларды ерекше алаңдаушылықпен бақылап отырмыз. Қазақстан орыс және украин өкілдерінің үйіне айналды, мұнда олар ұлтаралық татулық пен келісімді, сондай-ақ туған елдерімен жақсы қарым-қатынасты бағалайды», - деп қосты Павел Казанцев.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізген мемлекет ретінде барлық елдер үшін еуразиялық қауіпсіздіктің қағидатын берік ұстанатынын атап өтті.

«ТМД Парламентаралық Ассамблеясы өңіріміз алдында тұрған негізгі мәселелер бойынша парламентшілер арасындағы диалог, пікір алмасу үшін таптырмас алаң болды және солай болып қала береді. Әрине, біз парламентарийлер өз тарапымыздан ортақ үйіміз – Еуразиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бар күш-жігерімізді салуымыз керек», - деді П.Казанцев.

Сонымен қатар, ол Парламентаралық Ассамблеяның 30 жылында жинақталған заңнамалық және дипломатиялық капитал халықтардың игілігі мен дамуы жолындағы мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетудің кілті екенін жеткізді.

Айта кетейік, Алматыда ТМД Парламентаралық Ассамблеясының мерейтойлық отырысы өтіп жатыр.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT