ТМД елдерінің театр ұжымдары - Алматыда

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгін үлкен мәдени оқиға - Театр фестивалі шымылдығын ашпақ. Мереке қарашаның 24-29 аралығында Алматы қаласының ТМД елдерінің мәдени астанасы ретінде жариялануына орай ұйымдастырылып отыр.

Алматы көрермендерінің назарына Ресей, Армения, Украина, Өзбекстан елдерінен келген 5 театр ұжымы 7 инновациялық қойылымдарын ұсынады.

«Мәдениет басқармасы тарапынан бізге үлкен тапсырма жүктелді. Осындай ауқымды жобаны жүзеге асыру оның үстіне мемлекетаралық жоба аясында әрекет жасау үлкен мәртебе. Фестивальдің тақырыбына ТМД елдері театрларының инновациялық қойылымдары таңдалып алынды», - деді Халықаралық театр фестивалінің ұйымдастырушысы Ольга Сұлтанова.

Фестивальдің басты мақсаты - ТМД елдерінің қазіргі замандағы театр өнерінің даму дәстүрлерін анықтау, театр қайраткерлері мен арт-менеджерлер арасында тәжірие алмасу. Мәдени оқиғаның салтанатты ашылуы бүгін кешкі 18:00-де Ғ.Мүсірепов атындағы Жасөпірімдер және балалар театрында өтеді.

Сондай-ақ, қазір Алматыда «Сырласу» екінші жастар театры өз жұмысын жалғастырып жатыр. Фестивальге Қазақстаннан 6 ұжым қатысуда.

Алматы қалалық мәдениет басқармасының қолдауымен «Откровение» қоғамдық қоры осымен екінші рет жүзеге асырып отырған әлеуметтік жоба бизнес үшін де, әріптестік үшін де өте қызықты алаң болып отыр.

«Сырласу» жобасы - біздің төл туындымыз, біз оның қаз тұрып дамып келе жатқанына қуанамыз. Мәдени шара жастарды театр өнеріне баулуға, жастардың рухани дамуына, көзқарасының кеңеюіне, өзін-өзі танытуға мұрындық болары сөзсіз. Фестиваль бағдарламасы актерлердің, режиссерлердің, арт-менеджерлердің, продюсерлердің, сыншылардың тәжірибе алмасуына бағытталған», - деді «Сырласу» халықаралық театр фестивалінің продюсері Настасья Старченкова.

Айта кетейік, «Сырласу» жастар фестивалі бойынша 2014 жылы екі номинация тағайындалған. Фестиваль аясында ең үздік қойылым көрсеткен ұжымға 1 млн теңге, мемлекеттік тілдегі қазақстандық драматургия мен қойылым үшін 1 млн теңге көлемінде «Үміт» сыйлығы берілмек.

Соңғы жаңалықтар