ТМД елдерінің президенттері Астана туралы деректі фильмге түсті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің президенттері Астана туралы жаңа деректі фильмнің түсіріліміне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне сілтеме жасап. 

Фильмде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Армения президенті Армен Саргсян, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Молдова президенті Игорь Додон, Ресей президенті Владимир Путин, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев және өзге де президенттер Астана туралы өз пікірлерімен бөліскен.

«Мұндай шешімнің қабылдануы Қазақстан Президентінен үлкен ерлікті, батылдықты және кемеңгерлікті талап етті», - дейді түсірілім туралы бейнероликте Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев.

«Бұл ғажайып болмаса да, Қазақстан мен тұтас өңір үшін елеулі оқиға», - деді Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин.

«Салыстырып қарар болсақ, осындай қысқа уақытта қала тұрғызған өзге елдер бар ма, білмеймін», - деп атап өтті Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев.

«Шынында да, бұл адам сенгісіз нәрсе. Мұны тек ұлы көшбасшылар ғана жасай алады», - деп пікір білдіреді Армения Республикасының  президенті Армен Саргсян.

«Бұл өте дұрыс әрі жан-жақты ойластырылған, болашаққа бағыт алған көреген шешім», - дейді Молдова Республикасының президенті Игорь Додон.

«Соңғы 20 жылда Астана Орталық Азияның ең әсем астаналарының біріне айналды», - деп есептейді Қырғызстан Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков.

Фильмде әлемдегі ең жас астананың құрылуы, бұл жобаға 20 жыл бұрынғы көзқарас және Астананың екі онжылдықта қандай жетістікке жеткені айтылады.

Деректі фильм 5 шілде күні 21:30-да «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі және 6 шілде күні 00:00-де «Хабар 24» арнасы, 7 шілде күні 08:50-де - «КТК» телеарнасы қайталап көрсетеді.

Фильмді ҚР Президентінің Телерадиокешені әзірлеген.

Соңғы жаңалықтар