ТМД елдерінде кеден операциялары жетілдірілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «1994 жылғы 15 сәуірдегі Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хаттама ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің үкіметтері арасында ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге, жәрдемдесуге әрі өзара көмек көрсетуге бағытталған.

«Аталған келісім ТМД мемлекеттері кеден қызметтерінің өзара іс-қимыл тәртібін реттейтін негізгі халықаралық шарт болып саналады. Келісімге қол қойылғаннан бері жиырма жылдан астам уақыт өтті. Осыған байланысты аталған құжат нормаларын тиісті өзгерістер енгізу жолымен жетілдіру қажет. Хаттама кеден саласындағы ТМД нормативтік-құқықтық базасына жүргізілген түгендеу қорытындысы бойынша ТМД елдерімен бірлесіп әзірленді», - деді ҚР Қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұлов.

Оның сөзіне қарағанда, мәліметтерді беру, сауалдардың мазмұны, сауалды орындау, алынған ақпаратты пайдалану мәселелеріне қатысты бірқатар негізгі баптарға өзгерістер енгізу ұсынылады.

«Заң жобасын қабылдау кедендік шекаралар арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына кеден бақылауын қамтамасыз етуге, ТМД елдері кеден органдарының қызметін үйлестіру мен тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге, кеден заңнамасын бұзу тәуекелдерін барынша азайтуға, сондай-ақ кеден операцияларын жасауды жетілдіруге ықпал етеді», - деді Б. Шолпанқұлов.

Соңғы жаңалықтар