ТМД елдерінде іскерлік белсенділік артып келеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ТМД елдерінде іскерлік белсенділік артып келеді. Бұл туралы ТМД Үкімет басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аудардық. Бұл бағытта біз бірінші кезекте ТМД-ның 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясында белгіленген мақсаттар мен міндеттерге бағдарландық. Біздің өзара іс-қимылымыздың негізгі құрамдас бөлігі пандемиядан туындаған жағымсыз салдарларды азайту бойынша келісілген іс-шараларды іске асыру болды. Бүгін бұл жұмыстың практикалық нәтижелерін көріп отырмыз», - деді ҚР Премьер-Министрі.

Әлихан Смайылов ТМД-ның барлық елінде экономика біртіндеп қалпына келіп, іскерлік белсенділік арта түскендігін айтты.

«ТМД кеңістігінде экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында туындайтын проблемаларға бірлескен ден қою шараларының тізбесі қабылданды. Құжат өзара инвестицияларды ынталандыру, өнеркәсіптік кооперация, кедендік реттеуді жеңілдету, жаңа логистикалық тізбектерді, терминалдық инфрақұрылымды қалыптастыру, цифрлық технологияларды енгізу мәселелері бойынша ынтымақтастықты тереңдетуді көздейді», - деді ҚР Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар