ТМД елдерінде ақпараттық технологиялар саласында қылмыспен күрес күшейтіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келісімге 2018 жылы қыркүйекте Душанбе қаласында Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан елдері қол қойды. Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, келісімді тек Өзбекстан мен Беларусь ратификациялады, қалған елдер мемлекет ішіндегі рәсімдерді жүргізуде.

ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың сөзіне қарағанда, келісімді ТМД елдері аумағында кеңінен таралған қылмыстардың және ІТ саласындағы терминологиялардың ортақ түсінігі қамтамасыз етіледі. Заң жобасының негізгі мақсаты – уағдаласушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алуды, анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру.

«Бірлескен іс-шаралар мен операцияларды жүргізу, кадрларды даярлау және оқыту, ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен алмасу бойынша ынтымақтастықтың бағыттары көзделеді. Өзара ынтымақтастық жасайтын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдары анықталатын болады. Заң қабылданғаннан кейін оның орындалуына жауапты құзыретті органдардың тізбесін белгілейтін Үкімет қаулысы әзірленеді. ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес, оларға Бас Прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі және Қаржы министрлігінің экономикалық тергеу қызметі жатады. Қажет болғанда мемлекеттер өзара іс-қимыл тәртібін қосымша анықтайды», - деді Марат Қожаев.

Соңғы жаңалықтар