ТМД елдері қазақстандық автоөнеркәсіптің негізгі тұтынушылары болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық коммерциялық автотехникаға көршілес елдер қызығушылық танытуда. Бұл туралы ІІ Қазақстандық халықаралық автомобиль форумында «Вираж» ЖШС коммерциялық директоры Ермек Ескергенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміз коммерциялық көлікті шығаруды таяуда ғана бастағанымен, бүгінде экспорттық әлеуеттің де мүмкіндіктері байқала бастады. Қазақстанда коммерциялық көліктер шығарылып жатқан төрт алаң бар. Атап айтқанда, Қостанайда - «JAC» және «IVECO», Көкшетауда - «КамАЗ», Семейде - «Урал», «Шакман», «Дайво», «ЛиАЗ», «Фотон» және «ГАЗ», сондай-ақ Алматыда «Хюндай», «ФАО» мен «МАЗ» брендтерімен автокөліктер жасалуда. Бүгінде осы төрт алаң Үкіметтің негізгі талаптарын орындады, яғни локализация деңгейін 30 пайызға және одан жоғары үлеске жеткізді»,-деді Ескендіров.

Оның сөзіне қарағанда, 2015 жылы барлық төрт алаңда 227 автобус, 2016 жылы 350 автобус шығарылып, өсім 54 пайыз деңгейінде байқалды. Сонымен қатар, 2015 жылы 1880 дана жүк және коммуналдық техника құрастырылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1513-ті қамтыды.

Бұдан бөлек ол коммерциялық автотехниканың экспортық әлеуетіне тоқтала келе, бұл бағытта «Астана Моторс» компаниясы бастапқы жетістіктерін көрсеткенін атап өтті. Өткен жылы осы компания Ресейге 196 «Хюндай» көлігін экспорттаған екен.

Белгілі болғандай, Қазақстанда жасалған автокөліктерге ТМД елдерінің жеке тұлғалары тарапынан үлкен қызығушылық байқалуда. Сондықтан да қазақстандық коммерциялық автотехниканың экспорттық әлеуеті жоғары бағаланып отыр.

Соңғы жаңалықтар