ТМД елдері іздестіріп жүрген қылмыскерлер Алматы облысында ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері екі күн ішінде отызға жуық күдіктіні қолға түсірді. Оның 8-і - Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан және Башқұрт елдерінде халықаралық іздеу жариялаған кәнігі қылмыскерлер, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облысымызда «Іздестіру» жедел алдын алу іс-шарасы жалғасуда. Іс-шара барысында полицейлер қылмыстық жауапкершіліктен жалтарған 28 адамды ұстады. Із-түзсіз жоғалған сегіз адамның мекенжайы анықталып, бұған дейін жасалған 19 қылмыс ашылды. Сондай-ақ, осы кезге дейін аты-жөні белгісіз 3 мәйіттің жеке мәліметтері анықталды», - деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, көрші елде қылмыс жасады деген күдікпен іздеу жарияланған 8 адам қолға түсті.

«Қарасай ауданында Өзбекстан Республикасы мемлекетаралық іздеу жариялаған төрт азамат ұсталды. Талғар және Іле аудандарында ресейлік әріптестеріміз іздеп жатқан екі тұлға құрықталды. Талғарда Башқұрт елі іздеу жариялаған бір адамның мекенжайы анықталса, Текеліде Әзербайжан мемлекетінде қылмыс жасап, бой тасалаған 33 жастағы ер адам ұсталып, қамауға алынды», - деп атап өтті ведомство өкілдері.

Қазір ұсталғандар туралы ақпарат ҚР Ішкі істер министрлігіне және іздеу жариялаған шетелдік әріптестерге жолданған.

Соңғы жаңалықтар