ТМД елдері арасындағы салық саясаты келісімінің күші жойылады – Заң

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенатта ТМД елдері арасындағы салық саясатының принциптері туралы келісімнің күшін жою хаттамасы ратификацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, хаттаманың негізі мақсаты – ТМД-ға қатысушы мемлекеттер тарапынан келісімнің қолданыс мерзімін ұзарту туралы өтінімнің болмауына, сондай-ақ оның ережелері қазіргі уақыт талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты күшін жою.

«1992 жылы 13 наурызда ТМД-ға қатысушы 9 мемлекет үкіметтері келісімге қол қойған болатын. Келісім нормаларына сәйкес, тараптар салық салу қағидаттары мен ережелерін біріздендіру негізінде келісілген салық саясатын жүргізуге және достастыққа кіретін барлық мемлекеттердің мүддесін қорғайтын негізгі салықтардың бірыңғай тізбесін қолдануға келіскен болатын. Дегенмен, келісімді тек төрт мемлекет ратификациялады. Келісімге қатысушы бес мемлекет оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді аяқтаған жоқ», - деді Е. Жамаубаев Сенаттың жалпы отырысында.

2017 жылы 8 қыркүйекте Шолпан Ата қаласында ТМД қатысушы мемлекеттердің салық қызметі басшыларының үйлестіру кеңісінің отырысында келісімді тоқтатудың орынды екені туралы шешім қабылданған. Сөйтіп, 2021 жылғы 4 наурызда келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттамаға қол қойылды.

«Бүгінде салық қызметтерінің шетел мемлекеттерімен, оның ішінде ТМД елдерімен өзара іс-қимылы бірнеше халықаралық шарттар негізінде жүргізіледі. Ең алдымен, салық қызметтері арасындағы салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенция бар. Екіншіден, ҚР шет мемлекеттермен жасасқан қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенциялар, бүгінде Қазақстан 55 конвенцияға қол қойған», - деді министр.

Аталған хаттаманы ратификациялау Қазақстан үшін әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды және республикалық бюджеттен қаржы бөлуді талап етпейді.

Нәтижесінде Сенат депутаттары «1992 жылғы 13 наурыздағы Салық саясатының келісілген принциптері туралы ТМД қатысушы мемлекеттер үкіметтері арасындағы келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасын қабылдады.


Соңғы жаңалықтар