ТМД елдері арасында заттай дәлелдемелерді беру тетіктері айқындалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қылмыстылыққа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігі нығая түседі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, бүгін жалпы отырыс барысында палата депутаттары «Қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелер болып табылатын есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын, атыс қаруын, оның негізгі бөліктерін, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды беру тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын талқылады.

«Хаттамаға 2017 жылы қазанда ТМД басшылары қол қойды. Хаттаманы қабылдау - сауалнамаларды рәсімдеу және орындау тетіктерін реттеуге мүмкіндік береді. Аталған мемлекеттер арасында заттай дәлелдемелерді беру, сақтау және қайтаруды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта заттай дәлелдемелер беруге қатысты құқықтық қарым-қатынас Минск және Кишинев конвенциялары арқылы реттелмейді. Осы хаттаманы іске асыру еліміздің құзыретті органдарына жүктеледі», - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Оның сөзіне қарағанда, заңнаманы қабылдау қосымша қаржы шығынан қажет етпейді. Әлеуметтік-экономикалық әрі құқықтық тұрғыда қиындықтар тудырмайды.

Атап айтқанда, хаттаманы ратификациялау ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттырады. Осыған орай бұл құжат заттай дәлелдемелер болатын есірткілерді, психотроптық хаттар мен атыс қаруын, жарылғыш заттарын беру кезінде өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды.

Талқылаудан кейін палата депутаттары заң жобасын мақұлдады.

Соңғы жаңалықтар