ТМД Экономикалық Сотының судьялары Минсктен сыйақы алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында  «1992 жылғы 6 шілдедегі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы  Экономикалық Сотының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған хаттама ТМД Экономикалық Соты туралы келісімге және оның ережесіне түзетулер енгізуді қарастырады. Қазіргі уақытта Достастықтың негізгі шарты, құқықтық негізі құрылған, сондай-ақ экономикалық соттағы қаралатын істер санының азаюы байқалуда. Хаттаманың түбегейлі жаңашылдығы - ТМД Сотын «ad hoc» қағидасы бойынша жаңа жұмыс форматына ауыстыру. Хаттамаға сәйкес, Экономикалық сот судьяларының тізілімі құрылады», - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Әділет министрі Марат Бекетаев.

Осы орайда тізілімге Достастыққа қатысушы елдердің әрекет етуші судьялары кіретіні белгілі болды.

«Нақты дауды қарастыру үшін судьялар осы тізілімнен тағайындалады. Судьялар дауды қарастыру мерзімінде ғана Минск қаласына келіп, сыйақы алады. Бұл формат қатысушы мемлекеттердің бюджеттерінен қаражатты тиімді пайдалануға оң әсерін тигізеді», - деді М. Бекетаев.

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, судьяларды белгіленген квота аясында қатысушы мемлекеттер жекелей тағайындайды және әрбір тараптан екі судьядан іріктеледі.

«Қазақстандық кандидатураларды Мемлекет басшысының келісімі бойынша Жоғарғы Сот анықтайды және 2017 жылы  қаңтарда Қазақстан Республикасы екі кандидатура жолдады», - деді министр.

Жаңа «ad hoc» форматы ТМД сотының судьяларына тұрақты түрде жалақы төлемеуге мүмкіндік береді. Сол себептен ТМД сотының бюджеті азаяды, оның ішінде Қазақстанның да үлесі төмендейді. Мысалы, 2015 жылы Қазақстан 51 млн теңге төлесе, қазіргі уақытта 8,5 млн көлемінде жарна төлеу қарастырылуда. 

Соңғы жаңалықтар