ТМД-да вакцинация паспортын өзара тануды жеделдетуді ұсынамын - ҚР Президенті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігінде вакцинация паспортын өзара тануды жеделдету керек. Бұл туралы ТМД ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемияның теріс салдарын еңсеру күнтәртібіміздегі барынша өзекті тақырыптардың бірі. ТМД мемлекеттері қиын кезеңде бір-біріне қажетті қолдау мен көмек көрсету арқылы бірлік пен ынтымақтастық танытты. Бұл ретте Ресей барынша маңызды рөл атқарды. Елдеріміз коронавирус пандемиясымен күресте жақсы тәжірибе жинады. Оның ішінде вакцина әзірлеу саласы да бар. Халықты жаппай иммундау ғана ахуалды түзетуге және азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасз етуге мүмкіндік берері айқын. Өздеріңіз де білетіндей, қазақстандық QazVac әзірлемесе жоғары тиімділігін көрсетіп отыр және өзге елдерге гуманитарлық көмек ретінде жеткізіліп жатыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚР Президенті еліміздің ғалымдары әзірлеген жаңа QazCoVac-P препараты да клиникалық сынақтардан сәтті өткізіліп жатқанын айтты. Мұнан бөлек, тағы үш вакцинаны отандық ғалымдар клиникаға дейінгі тестілеуден өткізу үстінде.

«Халықаралық деңгейде лайықты сенімге ие болған ресейлік Спутник V вакцинасын шығаруды жалғастырып жатырмыз. Сіздердің елдеріңіз де бұл салада белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын білемін. Қазақстан тығыз ынтымақастыққа, тәжірибе алмасуға және өз вакцинасын жеткізуге дайын. Сонымен қатар ТМД кеңістігінде вакцинация паспортын өзара тануды жеделдетуді ұсынамын. Мұндай шешім қабылдау арқылы азаматтардың еркін жүріс-тұрысын қамтамасыз етеміз және іскерлік байланыстарды жандандырамыз», - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар