ТМД бойынша ең арзан алкоголь Қазақстанда

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде алкогольді ішімдік бағасы бір айдың ішінде 3%-ға, ал бір жылда 12%-ға өсті. Сондай-ақ биыл қаңтар-сәуір айларында Қазақстанда арақ және коньяк өндірісі артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат Energyprom ресурсына сілтеме жасап.

Елімізде жүзім шарабын жасау азайған (35,1% төмендеп 8,8 млн литрге азайып отыр).

Оның ішінде шымырлайтын шарап өндірісі де (өндіріс бірден 70,3% кеміген, бар болғаны 267,2 мың литр) төмендеген.

Сонымен қатар ликер (9,2%-ға, 679,7 мың литрге дейін) және сыра (3,5%-ға, 208,7 млн литрге дейін) шығару азайды.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жергілікті компаниялар сыраға сұранысты (экспорт пен ішкі нарықты қоса алғанда) 90,7% қамтамасыз етті.

Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 92,9%-ды құраған. Импорт көлемі жыл бойы 39,4%-ға артып, 16,4 млн литрге дейін өсті.

Ал жергілікті өндірістің нарықты арақ және ликер-арақ бұйымдарымен қамтамасыз етуі 83,5% жетті.

Бір жыл бұрын 75,7% болған. Дегенмен импорттың жыл бойы 0,7%-ға, яғни 2,4 млн литрге дейін азайғаны байқалды.

Хабарламада айтылғандай, елімізде шарапқа сұраныс 64,2%-ға қамтамасыз етілді. Импорттың үлесі - 35,8%.

Елге 2,8 млн литр шарап әкелінді, бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 34,7%-ға артық.

Қазақстанда биыл сәуір айының қорытындысы бойынша алкоголь сусындарының бағасы бір айда 2,6%-ға, жыл басынан бері 6,8%-ға ал бір жылдың ішінде 11,7%-ға өсті.

Ай сайынғы динамика бойынша бір айда арақтың бағасы - 2,4%, шарап пен сыра - 2,6%-ға қымбаттады.

Жылдық динамикаға келсек, шараптың бағасы - 9,5%, арақ - 10,2% және сыра 15,4%-ға өсті.

ТМД елдері арасында Қазақстанда алкоголь бағасы жоғары емес.

Мысалы, Numbeo.com мәліметі бойынша Қазақстанда орта класты бір бөтелке шарап 5,76 АҚШ долларын құрайды.

0,33 литрлік бөтелкеде сатылатын импортталған сыраның бағасы - 1,39 доллар.

Ал жергілікті сыра 0,5 литрлік бөтелке үшін - 0,72 доллар (ең төменгі баға).

Ең қымбат бір бөтелке шарап Ресейде (9,67 АҚШ доллары), сондай-ақ импортталған сыра да (2,16 АҚШ доллары) қымбат мұнда.

Жергілікті шарап ең қымбат ел - Әзербайжан. Бір құтысы 1,15 доллар тұрады.


Соңғы жаңалықтар