ТМД аумағында радиациялық, химиялық және биологиялық жағдайды бақылаудың бірегей жүйесі құрылады

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында радиациялық, химиялық және биологиялық жағдайды бақылаудың бірегей жүйесі құрылады.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламент Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басқосуда комитет мүшелері «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер қорғаныс министрліктерінің радиациялық, химиялық және биологиялық жағдайды бақылау саласындағы өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылаған болатын.  Заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Қорғаныс вице-министрі Болат Сембиновтың айтуынша, ратификациялауға жататын осы келісімге 2008 жылғы қарашаның 14-інде қол қойылған. «Бұл Келісімнің мақсаты ТМД ұйымына қатысушы мемлекеттер аумағындағы радиациялық, химиялық және биологиялық жағдайды бақылауды жүзеге асырып, ақпарат  алмасу жолымен күштерді жұмылдыру болып табылады. Сонымен бірге, құжат аясында қатысушы мемлекеттердің қорғаныс министрліктері нысанында бірлескен бақылау жүйесін құру шаралары көзделеді. Ал келісімді ратификациялау еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға және ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге септігін тигізеді», деді Б. Сембинов.

Заң жобасын талқылағаннан соң комитет мүшелері құжатты палатаның қарауына шығар туралы шешім қабылдады.

Соңғы жаңалықтар