Титулдық жекпе-жектер, нокауттар: Алматыдағы кәсіпқой бокс кеші қалай өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 16 желтоқсан күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында кәсіпқой бокс кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Рингте бірқатар қазақстандық боксшы өнер көрсетті, оның екеуі титулдық жекпе-жектер болды. ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасында мәлім етілгендей, бокс кешінде спортшыларымыздың мерейі үстем болды.

Атап айтқанда, Виктор Коточигов (10-0, 4КО) 27 рет жеңіске жеткен аргентиналық Хавьер Клаверодан (27-5, 5КО) басым түсіп, жеңіл салмақтағы WBC белдігін қорғап қалды. Айқас он раундқа есептелген болатын. Ол төрешілердің бірауызды шешімімен Коточиговтың пайдасына аяқталды.

Осылайша, 26 жастағы қазақстандық спортшы кәсіпқой рингтегі 11-інші жеңісіне қол жеткізді. Ол WBC титулын биылғы шілде айында мексикалық Хайро Лопеспен (26-11, 17КО) айқасында иеленген болатын.

Сондай-ақ Сұлтан Заурбек (8-0, 6КО) профи-рингте 16 жеңісі бар қытайлық Лешан Лиді (16-3-2, 9КО) жеңіп, екінші орта жеңіл салмақтағы WBC-тің ваканттық «жастар» белдігін алды. Сегіз раундқа есептелген жекпе-жек төртінші раундта Заурбектің орындауындағы техникалық нокаутпен аяқталды. Бұдан кейін оппоненті шаршы алаңға шығудан бас тартты.

23 жастағы қазақстандық боксшы профидегі тоғызыншы жеңісін атап өтті. Оның жетеуін нокаутпен аяқтаған еді.

Бұдан бөлек, кәсіпқой алаңға екінші рет шыққан Рай Сейітжановтың (1-0, 0КО) бағы жанды. 21 жастағы отандасымыздың қарсыласы әзербайжандық Рамиз Маммадов болды. Төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіс Сейітжановқа берілді. Ол алғашқы айқасын биылғы қазан айында Таиланд өкілі Тоедсака Синамаға (5-6, 5КО) қарсы өткізіп, төрешілер шешімімен жеңген еді. Сейітжанов әуесқой бокста екі рет Қазақстан чемпионатының «күмісін» (69 келіге дейін) иеленген спортшы.

Абай Төлеш (4-0, 3КО) болса, профидегі бесінші жеңісіне жетті. Орта салмақтағы жекпе-жек алты раундқа жоспарланып, соңғы дистанциясына дейін жалғасты. Төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен Төлеш чех Томаш Безводадан мықты болды.

Кәсіпқой бокс кешінің тағы бір қатысушысы – жеңіл салмақтағы Елшат Нығметолла (15-0-1, 5КО).

Филлипин намысын қорғаған Крис Альфантемен (17-7-1, 9КО) айқас регламент бойынша сегіз раундқа есептеліп, соңына дейін өтті. Төрешілер жеңісті қазақстандыққа берді.

Осылайша, Елшат кәсіпқой бокстағы 16-ыншы айқасын жеңіспен аяқтады. Айта кетсек, ол WBA Asia чемпиондық титулына және WBO нұсқасы бойынша Қытай чемпионы белдігіне ие.

Шаршы алаңда сегізінші кездесуін өткізген Нұртас Әжбенов (7-0, 3КО) те мықтылығын көрсете алды. Ол 38 рет жеңіске жеткен 28 жастағы филлипиндік Лэнди Крис Леонға қарсы жұдырықтасып, төрешілер ұйғарымымен жеңіске ие болды.

Ал 19 жастағы Нұрдос Төлебай (1-0, 0КО) әзербайжандық Наби Абдулазимовпен (0-2) күш сынасты. Бірінші орта салмақтағы жекпе-жек алты раундқа созылуы тиіс еді. Алайда, Н.Төлебай қарсыласын бірінші раундта нокдаунға жіберді. Екінші раундта Әзербайжан өкілі рингке шықпай қойды.

Бұл, Қазақстан өкілінің кәсіпқой спорт мансабындағы екінші жеңісі.

Соңғы жаңалықтар