Тіс дәрігері: Мақсатым – қолдан келгенше көпке қызмет көрсету

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Тіс емдеумен айналысып келе жатқанына 35 жылдан асқан стоматолог Мұқаш Нұрсейітовке Өскемен жұртшылығы тек ризашылықтарын білдіреді. Білікті тіс дәрігерінің ұл-қызы да әке жолын қуған.

ҚазАқпарат тілшісі медицина қызметкерлері күніне орай Марқакөл ауданы Ақбұлақ ауылының тумасымен жолығып, сұхбаттасып қайтқан болатын.

- Бала күніңізде стоматолог боламын деп ойладыңыз ба?

- Шынымды айтсам, тіс дәрігері болу менің бала күнгі арманым еді. 1978 жылы орта мектепті бітірдім. Бос жүрмей екі қолға бір күрек ұстап ауылда бір жылдай түрлі жұмыс істедім. Сәті түсіп 1979 жылы Қарағандыдағы өзім армандаған медициналық институтқа оқуға түстім. Онда стоматология факультеті бір жыл бұрын ғана ашылған екен. Бізге сабақ беретін ұстаздарымыз өте білімді болды. Алғаш ашылған факультеттің тәртібі мен талабы қатал-тұғын. Ауылдан келген біздің сабақ үлгерімімізді қатаң қадағалап отыратын. Сондықтан болар, сол білім ордасынан түлеп ұшқан түлектердің ешқайсысы жерде қалмады. Дүниежүзіне танылған докторлар мен профессорлар көп шықты. Оқуымды бітіре салысымен Өскемен қалалық тіс емдеу емханасында алғашқы қызметімді бастадым. Бір күні Асубұлақ кентіне жол түсіп қонаққа барғанмын. Сол қонақасыға жергілікті аурухананың бас дәрігері де келіпті. Жөн сұрасқаннан кейін бірден әңгімеміз жарасып кетті. Сөз арасында ол кісі мені Асубұлақ кентіндегі аурухананың тіс дәрігері болып жұмыс істеуге ұсыныс жасады. Сөйтіп, еңбек жолымды сол жақта жалғастырдым.

- Ақ халатты жанда қандай қасиет болу керек деп ойлайсыз?

- Шыдамдылық пен еңбексүйгіштік керек. Сондай-ақ білім алып, біліктілігіңді одан сайын шыңдаудан жалықпаған жөн. Уақыт шекті болғанымен білім шексіз ғой. 1998 жылы профессор Мақсұт Темірбаев Алматыда тіс емдеу саласын дамыту мақсатында арнайы екі айлық курс ашты. Ол жерге Германия, Жапония және тағы бірнеше елден үлкен мамандар келген болатын. Мен де сол жиынға қатыстым. Жиналғандар түгел ірі қалалар мен аудандардан келген дәрігерлер. Тіркеу барысында біздің қайдан келгенімізді, қандай аспаптармен жұмыс істейтінімізді сұрады. Ол кезде мен кеңес кезіндегі ескі құрал-жабдықпен жұмыс істейтін едім. Келгендердің бәрі жаңа техниканы меңгерген мамандар. Шеттерінен білімді көрінді. Өзімнің жұмыс істеп жүрген жерімді айтуға ыңғайсызданып, «Ұлан аудандық Асубұлақ кенті ауруханасынан келдім» деп айта салдым. Жауапты адам келген жерімді тіркеп жатып «босқа келдің» дегендей селқос жаза салды. Сабақ барысында теория мен практика қатар жүрді. Тіс емдеуге қатысты бірнеше сұрақтар қойылып жатты. Бәрі айтып жатыр. Бір кезде «Өскемендік дәрігер не айтады екен?» деп кезекті маған берді. Шамам келгенше білгенімді түйіндеп мен де аянып қалмадым. Жауабымды тыңдаған профессор сәл ойланып тұрып, «бүгін сен менен емес, керісінше мен сенен көп мағлұмат алдым» деп риза болып қалып еді. Сол жолғы сапарда тіс емдеудің техникасын жақсы меңгеріп қайттым.

- Әр саланың қызығы мен шыжығы қатар жүреді ғой. Жұмыс барысында қандай да бір есте қаларлық оқиғалар болды ма?

- Бір күні біздің ауруханаға бір сарбаз келіп түсті. Ерні жырылған, бет-аузы қан-жоса. Бірақ ешкім бас дәрігерсіз емдік жұмыстарын істеуге батылы бармады. Сол кезде бас дәрігер «ауырып келген науқас болса хабарласыңдар» деп кетіп қалған болатын. Дәрігерлер бірден оған хабарласқан сияқты. Ол кісі келгенше мен жараны тігуге кірістім. Бір кезде жүгіріп бас дәрігер де кіріп келді. Көрді де «жалғастыра бер» деп ишара жасады. Бет терісін толықтай тазартып тігіп болдым. Ертесінде ол кісі мені кабинетіне шақырып алып, «бізде бет-жақ сүйектерін емдейтін маман жоқтың қасы, сен дайын тұр екенсің ғой» деп мақтады.

- Өзіңіз алғашқы стоматологияңызды қашан аштыңыз?

- 2002 жылы Өскеменде көптен күткен алғашқы «Жұлдыз» стоматологиялық кабинетімді аштым. Бастабында қаржылық жағынан біраз қиындықтар болып, жаңа техника алуға мүмкіндік болмады. Сол себепті емделушілер тарапынан техникаларды жаңарту туралы ұсыныстар түсе бастады. Көбісі маған сенімсіздікпен қарайтын. Себебі басқа әріптестерім жаңа техникамен жұмыс істейтін. Бірақ уақыт өте келе біліктілігімді көрсете алдым. Кейін келе аядай ғана жерде емделушілер ұзын-сонар кезекте отыратын болды. Уақыт өте келе екінші, үшінші және төртінші тіс емдеу кабинетін аштық. Қазір көптеген студенттер бізде тәжірибеден өтіп жатыр. Тәжірибе барысында көзге түскен білімді жастар болса өзімізге жұмысқа алып қалуға тырысамын.


- Басқа қандай хоббиіңіз бар?

- Өзім бала күннен волейбол ойнағанды жақсы көремін. Кейде ешкісін достар-әріптестер жиналып, спортзалда волейбол ойнаймыз. Асубұлақта жұмыс істеп жүргенде Ұлан ауданының волейбол құрама командасында ойнадым. Қазіргі кезде ардагерлер арасында өзіміздің командамыз бар. Құрылысшылар Мәдениет сарайында жаттығамыз. Облыстық, республикалық және халықаралық ойындарда жүлдегер болдық. Бірде Түркияға барып волейболдан бірінші орынды қанжығалап қайтқан сәттеріміз де болған. Меніңше, әр адам өзінің белгілі бір қызығушылығы бар спорт түрімен шұғылданғаны дұрыс.

- Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз...

- Әйелім, 3 балам бар. Ұлым мен қызым жолымды қуып тіс дәрігері болса, екінші ұлым экономист болып қызмет істейді. Үлкен ұлым Тілектің стоматолог болып жұмыс істегеніне 10 жылдан асты. Білікті маман имплант салудың жаңа әдіс-тәсілін жете меңгерген. Қызым Жұлдыз тіс дәрігері мамандығын 6 жыл оқып, бітірді. Еңбек жолын бастағанына 3 жыл болды. Бала күндерінен үйде естіп, көргендері 32 тістің әңгімесі болса қалай дәрігер болмасын?! Бір қызығы, балалар жастайынан өздері қызығушылық танытатын. Сондықтан әңгімеміздің басым бөлігі емшілік тақырыбы төңірегінде өрбитін еді.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар