Тимур Сүлейменов қазақстандықтардың наурыз айындағы орташа жалақысын атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда осы жылдың наурыз айында орташа айлық еңбекақы нақты көріністе 2,4 пайызға өсіп, 153,2 мың теңгені құраған. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2018 жылдың І тоқсаны бойынша елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайлы баяндама жасаған министр жұмыссыздық деңгейі мен еңбекақы мөлшері көрсеткіштерінен айналып өткен жоқ.

«Еңбек нарығындағы жағдай орнықты болып отыр. Осы жылдың наурызында жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейінде сақталды. Еңбекақының өсуі байқалды. Ерекше атап өтетіндей, ағымдағы жылғы наурызда орташа айлық еңбекақы нақты көріністе 2,4 пайызға өсіп, 153,2 мың теңгені құрады», - деді министр.

Тимур Сүлейменов сонымен қатар, биылғы жылдың І тоқсанында ел экономикасында жағымды үрдістер сақталғанын атап өтті.

«Есептік кезеңде ЖІӨ өсуі 4,1 пайызды құрады. 2017 жылдың сәйкес кезеңінде ЖІӨ 3,6 пайыз болған еді. Мұндай серпін өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының, көрсетілетін қызметтер саласының өсуімен байланысты. Сондай-ақ, жалпы ішкі өнімнің ұлғаюуына инвестициялардың жоғарғы өсімі мен төмен инфляциялық процестер септігін тигізуде. Инфляция жыл басынан бері 1,8 пайызды құрады. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңі бойынша 0,5 пайызға төмен. Жылдық мәндегі инфляция 6,6 пайызды құрады», - деді ол.

Министрдің баяндауынша, есептік аралықта елдің халықаралық резервтері 1,5 пайызға немесе 94,4 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайған. 

Соңғы жаңалықтар