Тимур Сүлейменов қазақстандық сарапшылармен кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жақын арада өтетін Астана экономикалық форумына орай қазақстандық сарапшылармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шара барысында форумның Орталық Азия елдеріне қатысты сессиясын жүргізетін «Қоғамдық проблемаларды сараптау орталығы» қоғамдық қорының директоры Меруерт Махмұтова  тақырыпқа қатысты ойларымен бөлісті.

«Өзбекстан басшылығы ауысқаннан кейін жаңа Президент көрші елдермен ынтымақтастықты  жолға қоюды қолға алды. Ол сыртқы әлемге барынша ашық екендігін көрсетті.  Ол жақта реформалардың қандай жылдам қарқынмен жүріп жатқанын көріп отырмыз. Орталық Азияның екі ірі экономикасының өзара тиімді ынтымақтастығы бізге пайда әкелеріне үміттенемін», - деді ол.

 Осы ретте, қор басшысы Орталық Азияның 5 елінің ішкі жалпы өнімінің 75 пайызын Қазақстан қамтамасыз етіп отырғандығын айтты.

«Дегенмен, Өзбекстанның өңірдегі халқы ең көп ел екендігін естен шығармаған жөн. Сыртқы әлеммен қарым-қатынасты көршілермен бірлесе отырып қалыптастыру қажет. Біз негізгі геосаяси орында тұрмыз. Меніңше, егерде біз өңір ретінде жұмылсақ, ықпалымыздың күшейе түсетіндігі сөзсіз. Бүгінде Жапония, Қытай, АҚШ-тың Орталық Азияға қызығушылығы бар. Осы ретте біз сыртық әлеммен байланыста бір тарап бола алсақ, бұл Қазақстанның, жалпы Орталық Азияның ұстанымын күшейте түседі», - деді Меруерт Махмұтова.

Ал АЭФ-тің бас продюсері Булат Столяров 11-ші форумда жаһандық 11 сын-қатер халықаралық сарапшылардың талқысына түсетіндігін баса айтты.

Соңғы жаңалықтар