Тимур Сүлейменов: Ішкі сұраныс пен экспортты үйлестіру керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов жауапты неліктен Үкіметке 2025 жылға дейінгі сауда саясаты жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірлеу міндеті жүктелгенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің экономкиалық саясаттың негізгі басымдығы – экономиканың диверсификациясы, бәсекеге қабілетті өңдеу өнеркәсібін дамыту, тауарлар мен қызметтердің экспортын алға жылжыту. Аталмыш сипаттағы жұмыстар кешенді амал-әдістерді, мемлекет пен отандық бизнестің өзара әрекеттесе жұмыс жүргізуін талап етеді. Министрлік жаңа өндірістің толыққанды тізбегін қамтамасыз ететін нақты стратегияны әзірлеуі керек. Ішкі нарықтың қажеттігі мен экспорттың арасындағы үйлесімді сақтауы тиіс. Өзімізге қажетті тауарлар мен қызметтердің экспортқа кетіп қалуына жол бермеуіміз керек», - деді Тимур Сүлейменов елордада өтіп жатқан Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген отырысында.

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасарының айтуына қарағанда, жоғарыда аталған мәселе бойынша 2025 жылға дейінгі сауда саясатын дамыту мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу міндеті жүктеліп отыр.

«Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру үшін біздің өнімдердің сапасы мен олардың әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттігін арттыру ісін тұрақты түрде жүргізіп отыру керек. Бүгінгі таңда біз әлемнің 130 еліне қазақстандық өнімнің 800 түрін экспорттаймыз. Десе де, бұл бағытта мемлекеттік қолдауда мін жоқ деп әсте айта алмаймыз. Сол себепті министрлік бұл бағыттағы жұмысты ары қарай жетілдіруі керек. Сонымен қатар, Үкіметке техникалық реттеу бойынша жаңа заң әзірлеу міндеті жүктелді. Техникалық реттеу құралдары біздің тұтынушыларды сапалы әрі қауіпсіз өніммен қамтамасыз етуге жұмсалуы тиіс», - деді ол.

Еске сала кетсек, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейінгі сауда саясаты жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын.




Соңғы жаңалықтар