Тимур Сүлейменов Халық денсаулығы туралы кодекс жайында: Баланс сақталуы тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау саласында әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуде цифрландыру маңызды рөлге ие. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Тимур Сүлейменов айтты.

«Әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуде цифрландыру маңызды рөлге ие. Өткен жылы министрлік өзге органдармен, оның ішінде Цифрлық даму министрлігінің дәрілік қамтамасыз ету жүйесін цифрландыруда үлкен жұмыс жүргізді. Бұл кейбір кемшіліктерді, жұмыстардағы бірен-саран сапасыз әдістерді анықтап, түзетуге мүмкіндік берген үлкен жетістік болды», - деді Тимур Сүлейменов.

Оның атап өтуінше, еліміздегі көптеген клиника жұмыстарын электронды форматқа көшірді. Дегенмен, бұл бағытта атқарылуы тиісті жұмыстың көлемі әлі де ауқымды.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында барлық ақпараттық жүйені ықпалдастыру, денсаулық электронды төлқұжаттарды мазмұндық тұрғыда толықтыру, сонымен қатар медициналық ақпараттық жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажет. Сондықтан, дәрігерлер барлық реформалардың негізгі жетекшісі саналады. Олар денсаулық сақтау саласын цифрландыру ыңғайлы әрі қажетті екендігін түсінуі тиіс. Осыған орай біз медициналық ақпараттық жүйелердің толыққанды әрі сапалы жұмыс істеуін күтеміз», - деді Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары.

Сонымен қатар ол Халық денсаулығы туралы жаңа кодекстің әзірленіп жатқанын және құжат биыл қабылдануы тиістігіне назар аудартты. Аталған құжатта қоғамда көтерілетін проблемалар мен өзекті мәселелер арасында баланстың сақталуы маңызды екендігін баса айтты.

«Біз кодекс отандық денсаулық сақтау саласына тың серпін беріп, оны жаңа сапалы деңгейге шығаратындығын күтеміз», - деді ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар