Тимур Шаймергенов: Қазақстанда шетелдік капиталды тартуда толыққанды жүйе қалыптасты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанға шетелдік капиталды тарту бағытында ел дипломаттары белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Тимур Шаймергенов осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміз шынында да, жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Жаңа міндеттер айқындалды. Соңғы 30 жылда өзінің бағыт-бағдарынан ауытқымаған сыртқы саясат секілді консервативті сала да толықтырылып келеді. Қазіргі таңда біздің министрлік инвестиция тарту, экономикалық мүддені алға жылжыту бағытында жаңа вертикальды құрастырды. Шетелдік капиталды тарту жүйесінің сәулеті де қатты өзгеріске ұшырады. Әрбір аймақта «Қазақ инвест» компаниясының филиалдары ашылды. Ол компанияның аймақтағы басшылары сол өңірлердің әкімдерінің кеңесшілеріне айналып шыға келді. Яғни, кез келген инвестор жергілікті билікпен тікелей жұмыс жүргізе алатындай жағдай жасалып отыр», - деді Тимур Шаймергенов Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен елордада өткен «Президент Қ.К.Тоқаевтың 10 міндеті: ел дамуының жаңа деңгейі» атты дөңгелек үстелде.

Комитет төрағасының айтуына қарағанда, ҚР СІМ-ге қарасты барлық қазақстандық мекемелер де бұл жұмысқа белсенді түрде араласуда.

«Осылайша, шетелдік капиталмен жұмыс атқаруда біз жаңа әрі толыққанды жүйеге қол жеткіздік. Әрбір дипломатқа, әрбір елшіге, министрдің орынбасарының алдына жаңа міндеттер қойылып отыр. Әрбір дипломаттың жұмысына баға берілер кезде оның бизнес бағытында жүктелген міндеті қаншалықты орындалғаны есепке алынады. Қандай кездесу өткізді, оның нәтижелілігі қандай, қанша капитал тарта алды - осының бәрі ескеріледі. Мемлекет басшысы атап өткендей, елге келген әрбір инвестиция қарапайым азаматтарға пайда әкелетіндей ауқымды жұмыс басталып кетті», - деді Тимур Шаймергенов.

Еске сала кетсек, Тәуелсіздік сарайында 12 маусымда өткен ұлықтау рәсімінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту бағытында жұмыс жүргізетінін айтқан еді.

«Қазақстандық кәсіпкерлерді қолдап, инвестиция тартып, оларды да қорғап, іскерлік белсенділікті барынша жігерлендіретін боламын», - деді Президент.

Соңғы жаңалықтар