Тимур Мұратов: Вакцина паспортын қолдан жасату реанимацияға билет сатып алумен тең

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Вакцина паспортын қолдан жасау да, оны сатып алу да азамзатқа қарсы қылмыс жасаумен тең. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов әкімдіктің онлайн брифингінде осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Вакцина паспортын қолдан жасаушылардың жолын кесу үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Мұндай маңызды құжатты қолдан жасап сату деген енді өте қиын жағдай. Оны алған халықтың да, жасап жүрген азаматтардың да істеп жүрген қылмысы – адамзатқа қарсы қылмыс. Өйткені қолдан жасалған паспорт алған адам – өзіне реанимацияға билет сатып алған адам. Сондықтан, бұған қарсы тұру үшін құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Біршама тергеу жұмыстарын жүргізіп, кейбір мәселелерді анықтауда», - деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, елордадағы инфекциялық стационарлар 72 пайызға толған. Осыған байланысты қалалық ауруханалар инфекциялық режимге ауыстырылып жатыр.

«Аурудың өсуіне байланысты қалалық ауруханаларды инфекциялық ретінде қайта бейімдеуге және әзірге күндізгі стационардың жұмысын, жоспарлы емдеуге жатқызуды тоқтатуға тура келеді», - деді Тимур Мұратов.


Соңғы жаңалықтар