Тимофей Скатов алғаш рет Ролан Гарростың негізгі турниріне жолдама алды

Фото: Фото: ktf.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық, әлемнің 147-ракеткасы Тимофей Скатов алғаш рет Ролан Гарростың негізгі турниріне жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында дүниежүзілік рейтингте 165-орында тұрған бразилиялық Фелипе Мелигени Родригес Алвеспен жолдама үшін сынға түсті.

Бірінші партияда қос брейкке қол жеткізген бразилиялық спортшы басымдылық көрсетті - 6:2. Ол екінші сетте де 4:2 есебімен алға шықты.

Дегенмен қазақстандық теннисші таразы басын аудара білді - 7:5. Содан кейін үшінші, шешуші сетте жеңісті жұлып алды - 6:3.

Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 13 минутқа созылды.

Осылайша, 22 жастағы Т.Скатов өз спорттық жолында алғаш рет Франция ашық чемпионатында ойнайтын болады. Оның қарсыласы кейін анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Сербиядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар