Тілсіз тасқа «жан бітірген» талант иесі - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада шетелдегі қазақ тілді ақпарат көздері қандай тақырыптарды қаузады? Назарларыңызға әдеттегідей апталық шолуды ұсынамыз.

Сұлтан Байбарыс - ТРТ агенттігі


1 

Түркия Радио Теледидар агенттігі сайтының «Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар» айдарында, он үшінші ғасырда Араб әлемінде құрылған «Дәулети Түркия» яғни «Түрік мемлекетінің» ең жарқын билеушісі атақты Сұлтан Байбарыс туралы мақала жарық көрді.

Жазба түрік әлемінің ұлы тұлғасы Сұлтан Бейбарыстың өмір жолына тоқтала келіп, жалпы түркі өркениетін Ислам өркениетінен бөлек қарастыруға болмайтындығын алға тартады.  «Соңғы мың жылда түріктер Ислам әлемнің қорғаушыларына айналды. Тіпті Еуропа тұрғысынан қарағанда «түрік» деген сөз «мұсылман» деген ұғымды білдіре бастады. Жалпы айтқанда, Түріктер Ислам дінімен екі жол арқылы танысты. Біріншіден түріктер Ислам дінімен мұсылман дәруіштер, ислам дін таратушы ұстаздар арқылы танысты. Бұл «дін ұстаздарын» әлі күнге дейін қазақтар парсы тілінде мұғалім дегенді білдіретін «хожа» немесе «қожа» сөзімен атайды. Яғни, бүгін қазақтың ішінде өздерін «қожа» деп атап жүрген топ сол VIII-IX ғасырлардан бастап түркі жұртына дін тарату мақсатында келе бастаған араб, кейіннен парсы ұстаздардың ұрпағы болып табылады. Түркілердің Исламмен танысуының екінші жолы «ғұлам» және «мәмлүк» ұғымымен байланысты болып табылады. Бұл екі ұғым билеушіге қызмет ететін әскер мағынасын білдіреді. Тоғызыншы ғасырдан бастап Аббаси халифтері түріктерді әскер ретінде жалдай бастады. Уақыт өте келе бұл әскерлердің күшті болғаны соншалық олар өз мемлекеттерін құра алатын болды. Мысалға, оныншы ғасырда Иранда құрылған Ғазнауи сұлтандығы сондай ғұлам әскерлердің құрған мемлекеті еді. Сол секілді он үшінші ғасырда Араб әлемінде құрылған «Дәулети Түркия», яғни, «Түрік мемлекеті» Қыпшақ даласынан келген мәмлүк түріктердің құрған мемлекеті еді», -  деп жазады мақалада.

Әрі қарай жазба, Сұлтан Байбарыстың өз билігін күшейту жолындағы жүргізген соғыстарын айта келіп, қираған қалаларды қалпына келтіріп, халықаралық сауданың дамуына жағдай жасағандығын, су каналдарын қаздырып, ауыл шаруашылығын дамытқандығын, мешіттер мен медреселер салдырғандығын тілге тиек етеді.

«Оның билігі кезінде төрт мазхабтың имамдары қазы болып тағайындала бастады. Бейбарыс Мысырдың басқа елдермен қарым-қатынасын күшейтті. Әсіресе, Мәмлүк мемлекетінің Алтын Ордамен одағын атап өтуіміз керек. Алтын Орда ханы Берке мен Байбарыс тек қана одақтас болып қоймай, құда-андалық қатынас та орнатты. Атап айтсақ, Бейбарыс Беркеханның қызын алып, одан туған баласына Берке деп ат қойды. Қорыта айтқанда, Сұлтан Бейбарыс билігі кезінде арабтар ең тұрақты кезеңін өткізді. Әлі күнге дейін оның өмір желісіне құрылған «Сират Бейбарыс», яғни «Бейбарыс жолы» дастаны арабтардың арасында кеңінен таралған жыр болып табылады»,  - деп түйіндейді дереккөз.

 

Тілсіз тасқа «жан бітірген» талант иесі - Алтай газеті

2 

Әдетте асыл тастарды жинайтын адамдар көп, алайда жансыз тасты, тіршілік иесі - жануарларға айналдырған адам кемде-кем. Қытайдағы қандастарымыздың арасында тарайтын «Алтай» газеті оқырмандар назарына осындай өнер  иесін таныстырыпты.   

«Жапонияның  талантты көркемөнершісі Акие Наката жинаған тастарының пішініне қарай отырып, оларға әр-түрлі жануарлардың бейнесін сызып шығады. Бір қарағанда оның сызылған сурет екенін айыра алмайсыз, өз көзіңізге сенбей дал боласыз», - деп жазады басылым. Ендеше, Акие Накатаның қолына шыққан өнер туындыларын назарларыңызға ұсынамыз.

22 222 222 2222 

 

Қазақ әжелердің өнері қытайлық көрермендерді тамсандырды  - CCTV

3 

Қытайдың CCTV орталық теларнасында Шыңжаң өлкесіне қарасты Толы ауданында тұратын қазақ әжелерден құралған «Аққу» ансамблінің елді таңғалдырған ерекше өнері туралы бейне жазба жарық көрді.

Онда Қытайдың Шанхай қаласында өткен  Республикалық «Өнерлі қытайлықтар» байқауында, «Аққу» әжелер ансамблі ұлтымыздың  жүн сабау, сырмақ тігу, жіп иіру секілді көріністерін сахналап, көрермендерді тәнтті еткендігі айтылған.  Жоғарыда айтылған телеарнаның сайтында жарияланған бейнежазбада, әжелердің жоба тәлімгерлерінің ыстық ықыласына бөленіп, оларды бірге билетіп жібергенін байқауға болады.  

«Ерекше  жағымды әуен», «Әннің бояуы дара, әжелер емес жас балалардың хоры айтып тұрғандай сезілді», «Олардың әрекеті ерекше сүйкімді, әсіресе жіп иіргені керемет!», - деп пікір білдірген әділқазылар бірауыздан  «нағыз өнерлілер» деп бағалады. Сонымен бірге әжелер сахнада көрсеткен әр қимылдарының мағынасын түсіндіріп те берді. Нәтижесінде «Аққу» әжелер ансамблі «Өнерлі қытайлықтар» аталымы бойынша марапатқа ие болды.   Айта кетейік, әжелердің ең үлкені 75 жаста болса, ең кішісі 65-те екен.   Ансамбльдің жетекшісі Шыңжаңдағы белгілі би режиссері Ерсін Қизатұлы.

31 32 

 

Анкарада Қазақстан самалы есті - ТРТ агенттігі

4 

«Анкарада Қазақстан самалы есті» осындай тақырыппен Түркия Радио Теледидар агенттігі сайтында фоторепортаж жарияланды. Онда Қазақстан өнерпаздарының Анкараның Кечиөрен муниципалитеті тарапынан биыл 8-ші рет ұйымдастырылып жатқан Халықаралық Рамазан фестиваліне қалдырған қолтаңбасын көруге болады.

41 42 43 

 

Дэлүүн сұмынында дүбірлі той өткізілмек  - ulgiinews.mn

5 

Моңғолиядағы қандастарымыз тағы бір дүбірлі тойға дайындалып жатыр. «Абақ керей тайпасының Қарақас руының Дэлүүн сұмын өлкесін мекендегеніне 150 жыл толуына байланысты, 2017 жылы 20 шілдеде Дэлүүн сұмынында дүбірлі той өткізілмек», - деп жазады ulgiinews.mn сайты.  Осыған байланысты  Дэлүүн сұмын жергілікті басқармасынан атаулы күн екенін белгілеп өткізу үшін жұмыс тобын құрған. Сондай-ақ  шара барысында  Дэлүүн сұмын жергілікті әкімшілігінің қаулысы арқылы Дэлүүн сұмынындағы бәйге төбеге Бәлекең немесе Тілеуді би Кенеұлының есімі беріліп, ескерткіш тұрғызылатындығы туралы айтылған.

Бейжіңде Үйсін тарихын арқау еткен спектакль қойылды - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNK)

6 

ҚХР Іле Қазақ автономиялы облысының Текес ауданының әртістері дайындаған «Қара көз» атты музыкалық спектакль  Бейжіңде қойылды. Бұл туралы  Қытай «Орталық халық радиосының» ресми сайтында жарияланды.  

60  әртіс ойнаған «Қара көз» атты бұл көлемді тарихи қойылым, 2000 жыл бұрынғы Үйсін еліндегі тарихи оқиғаны арқау еткен. Сонымен бірге тарихи-мәдени мұраларға бай «Сегіз қырлы қала» атанған көрікті Текес мекені, осы аудан аумағындағы Дүниежүзілік мәдени мұралар қатарына енгізілген Текестің атақты Қаражон жайлауында өмір сүрген Үйсін елінің сыртқы мемлекеттермен арадағы қарым-қатынастары өзек болған.    

«Ұлттық бояуға қанық өңірдің өткені мен бүгінін сахнаға шығарған «Қара көз» Бейжіңдегі көрермендердің ықыласына бөленді. Тарихи-мәдени құндылығымен ерекшеленген туынды алдағы уақыттарда  осы қалада  тағы да  5 рет қойылмақ. Сондай-ақ, Қытайдың басқа да  ішкі қалаларында көрсету жоспарланып отыр», - деп жазады дереккөз.   

61 62 

Соңғы жаңалықтар