Тілшілер адамды құтқару сынағынан өтті: ҚР ТЖМ сайысында «ҚазАқпарат» жүлделі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада БАҚ өкілдеріне төтенше жағдай кезінде әрекет ету сынағы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай журналистер арасында жарыс өткізді.

Сайысқа 7 команда қатысты. Олардың қатарында «Qazaqstan» ұлттық арнасы, «Еуразия-1 арнасы», «3»1, «КТК», «Atameken business» телеарналары және «ҚазАқпарат» Халықаралық агенттігі мен «Tengrinews» сайты командалары бар.

Сынақ 7 кезеңнен тұрды. Оның ішінде төтенше жағдайда адам өмірін құтқару, жылдамдық пен шұғыл шешім қабылдау, өрт алаңынан адамды аман алып шығу, өртті сөндіру, санаулы уақыт ішінде түрлі кедергілерден өту және тағы басқа.

Аталған шараны Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтаудан бастады.

Сайыс басталмас бұрын оның ережесі түсіндіріліп, қатысушыларға арнайы киім мен қажетті құрал-жабдықтар берілді.

Бастысы жылдамдық пен ширақтылықты және командамен жұмыс істеуді талап ететін жарыста үздік деген командалар анықталды.

Журналистердің төтенше жағдайда жұмыс істей білу қабілетін сала мамандары қадағалап, бағалады.

Жарыс нәтижесінде «Atameken business» телеарнасының құрамасы 1-орын иеленсе, «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің журналистері 2-орынға табан тіреді. Жүлделі 3-орын «Еуразия-1» телеарнасына бұйырды.

Шара соңында барлық қатысушылар маратталып, естелік сыйлықтар тапсырылды.

Айта кетейік, аталған шара Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған өрт сөндіру бекетінде өтті.


Соңғы жаңалықтар