Тілге қатысты мәселелерді саясиландыруға жол берілмеуі керек - Ерлан Қарин
2022 жылғы 21 маусым 13:19

Тілге қатысты мәселелерді саясиландыруға жол берілмеуі керек - Ерлан Қарин

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік тілдің барлық салаларда бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ұтқыр әдіске көшу қажет. Сондай-ақ елдің бірлігі мен қоғамдық тәртіпке кесірін тигізуі мүмкін тілге қатысты сезімтал мәселелерді саясиландыруға еш жол берілмеуі керек. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің Youtube арнасында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоғам азаматтық жауапкершілікті дамытуы, жалаң ұрандарға және саяси авантюризмге ұрынбауы, радикализм мен экстремизмнің кез-келген түріне қарсы тұруы керек. Бұл қоғамдық шарт ұлттың жаңа сапасын көздейтін жаңарған, жалпыұлттық құндылықтарға негізделеді. Жаңа құндылықтардың өзегі - еңбекқорлық, еңбек адамына құрмет, кәсіби маманның абырой-беделі, қарапайымдылық, үнемшілдік және әрқашан білім-біліктілікті арттыруға ұмтылу сияқты қасиеттер болмақ. Осы құндылықтарға басымдық беру арқылы біз ұлт сапасын жаңа деңгейге көтере аламыз. Тағы бір маңызды құндылық - мемлекеттік тілді одан әрі дамыту. Бұл ретте оны барлық салаларда бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ұтқыр әдіске көшу қажет. Сондай-ақ елдің бірлігі мен қоғамдық тәртіпке кесірін тигізуі мүмкін тілге қатысты этносаралық қатынас және басқа да сезімтал мәселелерді саясиландыруға еш жол берілмеуі керек», – деді Мемлекеттік кеңесші.

Ерлан Қарин бұл жұмыс бағыттарынан бөлек, Ұлттық құрылтайдың маңыздылығына тоқталды. Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, құрылтай қоғамдық талқылау арқылы ел тағдырына ықпал ететін ұзақмерзімді стратегиялық шешімдерді қабылдайтын институт болады.


Еске сала кетейік, бұған дейін Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай негізге алатын үш құндылықты туралы айтқан болатын.



Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT