Тілеуқабыл Төлегенұлы Шыңжаң рекордын жаңартты – шетелдегі қазақ баспасөзі

None
Фото: mp.weixin.qq.com
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шет мемлекеттерде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Тілеуқабыл Төлегенұлы Шыңжаң марафоны рекордын жаңартты - «Жэньминь жибао»

19 наурызда 2 сағат 12 минут 46 секундттық нәтижемен 26 жастағы Ілелік спортшы Тілеуқабыл Төлегенұлы 2023 жылғы Вуси марафонында Шыңжаң бойынша ең жақсы ұпай жинады. Бұл Шыңжаң жеңіл атлетикасы үшін тарихи жеңіс, деп хабарлады «People Daily».

Ол сондай-ақ халықаралық марафоншы дәрежесіне жеткен Шыңжаңның екінші жеңіл атлетшісі болды. Алдыңғысы Шыңжаң әйелдер марафонының рекордшысы Шяо Юэгуй еді.

Қытайлық басылымның дерегінше, бұл жолғы Вуси марафоны – ұлттық марафон чемпионаты ғана емес, сонымен қатар Будапештегі жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты мен Ханчжоудағы Азия ойындары үшін елдің үздік спортшыларын іріктеуге арналған ішкі марафондық сынақ.

Айта кетейік, 2007 жылы 21 қазанда Рен Юнлун 27-ші Бейжің марафонында 2 сағат 08 минут 15 секундта ұлттық рекорд орнатқаннан кейін қытайлық марафоншылардың ешқайсысы бұл нәтижеден асып түспеді. Ал Тілеуқабыл осы жолғы спорттық бәсекеде Шыңжаңның марафон рекордын 1 минуттан астамға жаңартқан.

Тілеуқабыл Төлегенұлы Шыңжаң жеңіл атлетика командасының мүшесі. Оның бұрынғы ерекше жарысы 5000 метрге және 10 000 метрге орта және ұзақ қашықтыққа жүгіру болды. Ол жыл сайын марафондарға да қатысып келеді.

Атап айтар болсақ, 2022 жылдың шілде айында Т. Төлегенұлы Джимусар Тяньшань марафонында 1 сағат 07 минут және 23 секунд уақытпен ерлер арасындағы жартылай марафон чемпионатында бас жүлдені еншілеген. Содан кейін арнайы марафон жаттығулары үшін ұлттық жеңіл атлетика командасының марафон жобасының командасына қабылданған болатын.

Шынай Рахметұлына «Халық жазушысы» атағы берілді – «Kaznews»

Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Баян-Өлгий аймағына жұмыс сапарымен келді. Оның барысында ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына орай бірқатар азаматқа мемлекеттік жоғары атақ, орден, медаль табыстады. Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің жарлығы бойынша Моңғолия мәдениетіне Еңбек сіңірген қайраткер Шынай Рахметұлына бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға және әдебиет саласына қосқан құнды үлесі үшін «Халық жазушысы» атағы берілді, деп хабарлайды Моңғолияның «Kaznews» ақпарат порталы.

Фото: kaznews.mn

Сондай-ақ «Еңбек сіңірген ұстаз» атағымен Ақкөл қалашығының ардагер ұстазы Құрметбай Базарұлы мен Өлгий қалалық 1-мектебінің аға ұстазы Қазиза Сағдолдақызы; «Еңбек сіңірген экономист» атағымен Рысжан компаниясының Қаржы бөлімінің басшысы қызметін атқарған Қажекбер Нуриұлы мен Ақкөл қалашығы Цагааннуур компаниясының Басқарма кеңесінің басшысы қызметін атқарған Жанпейіс Мөнгөлұлы; «Еңбек сіңірген малшы» атағымен Алтанцөгц сұмындық Сыдық Сырақбайұлы; «Еңбек сіңірген дәрігер» атағымен Астма клиникалық ауруханасының кеңесші дәрігері Қуатхан Шәріпұлы қатарлы азаматтар марапатталды.

Айта кету керек, Шынай Рахметұлы Моңғолия және Халықаралық жазушылар оОдағының мүшесі ақын, жазушы, аудармашы, этнограф жұрналист.

Шынай Рахметұлы аймақтық газет, радио, журналда 25 жыл, Моңғолияның орталық газет, радио, хабар агенттігінде 25 жыл қызмет атқарған.

Оның поэзиялық, прозалық оншақты кітабы қазақ, моңғол тілінде басылып шыққан. Он повесть, жүз әңгімесі және драмалық, тарихи, шежіре, тектаным кітаптары жарық көрген. Сондай-ақ моңғол тілінен қазақ тіліне көптеген өлең, дастан, пьесалармен қатар, бірнеше романды тәржімалаған.

«М.Әуезовтің «Көксерек», «Қаралы сұлу», І.Есенберлиннің «Қаһар», О.Бөкеевтің «Көк тайынша», К.Сегізбаевтің «Ақша», Ү.Ақыттың «Далайлу ғахылия» туындыларын, Ә.Марғұланның І томын, исламдық алты кітапты моңғолшаға аударған. Моңғолияға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Моңғолия және Қазақстан Республикасының мәдениет үздігі атанған», - деп жазады моңғолиялық басылым.

Сондай-ақ осы аптада «Kaznews» ақпарат порталында «Бекнұр Қалиұлы Қырғызстандағы халықаралық турнирде чемпион атанды» деген тақырыпта ақпарат жарияланған болатын.

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, Баян-Өлгий аймағының былғары қолғап шебері Бекнұр Қалиұлы Қырғызстандағы халықаралық турнирде қырғыз боксшысы Елшороулы Оматбекті ұтып чемпион атанды.

Наурызда түрік әлемінің түрлі тағамдары ұсынылып, қазақ әндері шырқалды«TRT»

Наурыз тойында түрік әлемінің асханасынан түрлі тағамдар ұсынылып, қазақ әндері шырқалды. Көктемнің хабаршысы, жаңа жылдың бастауы Наурыз мерекесі Қазақстанда шаттықпен тойланып жатыр, деп жазды Түркия Радио Телевизия порталы.

Фото: trt.net.tr

Айта кетейік, Халықаралық Түркі академиясында Наурыз мерекесіне орай шара ұйымдастырылды. Астанадағы шараға елдегі түрік әлемі елдерінің дипломатиялық миссия басшылары, Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары, халықаралық ұйымдамдардың өкілдері мен қонақтар қатысқан.

Шыңжаңда Наурыз мейрамы тойланды – People.cn

Шыңжаңдағы әр ұлт халқы дәстүрлі Наурыз мейрамын қарсы алуға дайындалды. Жергілікті дәстүрлер мен әдет-ғұрыпқа сәйкес, Наурыз қарсаңында ағаш отырғызылып, арықтар тазартылады, аулалар жиналып, қонақтарға дәмді дастарқан дайындалады, деп жазады «Халық» газеті.

Қытайлық басылымның дерегінше, Текес ауданының Ақтас ауылындағы Елзаттың отбасы ерте тұрып, жаңа киімін киіп, наурыз көже дайындауға кіріскен. Көже дайын болғаннан кейін көршілерді, туыстар мен достарды дастарханға шақырған. «Ескі ай есіркесін, жаңа жарылқасын» деп жаңа жылда ақ тілектерін айтып, құт-береке тілеген.

Фото: kaz.people.cn

Осы ақпаратта Текес ауданының медиа орталығы Наурыз мейрамы туралы видеоны ұсынған.

«Наурыз мейрамы ― Еуразиядағы көптеген этникалық топтың дәстүрлі мерекесі. Ол көктемнің келуін қарсы алу үшін жыл сайын шамамен 21 наурызда көктемгі күн мен түннің теңелуіне қарай өткізіледі. Қытайдың Шыңжаңында ұйғыр, қазақ, қырғыз, өзбек және тәжік сияқты этникалық азшылықтар үшін Наурыз жыл сайын атап өтілетін дәстүрлі мереке саналады», деп түйіндейді қытайлық БАҚ.

Ираннан Ақтауға алғашқы чартерлік рейс аттанды – «Parstoday»

Теһраннан алғашқы чартерлік рейс Қазақстанның Ақтау қаласына келді.

Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі Иран Airtour ұшағымен Ақтау қаласына 137 турист келгенін хабарлады. Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі өткен жылы Қазақстан Иран, Қытай және Үндістан азаматтары үшін 14 күндік визаны алып тастау режимін енгізгеніне тоқталды.

Фото: parstoday.ir

Бұл туралы осы аптада «Parstoday» ақпарат агенттігі хабарлады.

Ирандық басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, ҚР Мәдениет министрлігі Туризм индустриясы комитетінің басшысы Дастан Рыспековтың айтуынша, Ақтау бағыты ирандықтар арасында үлкен сұранысқа ие. Сол үшін келешекте рейстерді көбейтіп, туристер санын арттыру маңызды.

Өзбекстан Қазақстаннан 541,4 млн доллардың өнімін сатып алды - «ӨзА»

Өзбекстан тауарларды ең көп импорттайтын 10 ел белгілі болды. 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында Өзбекстан импортында Қытай бірінші орында тұр. Бұл елден 1,1 миллиард доллардың өнімі сатып алынған. Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.

Өзбекстандық басылымның мәліметінше, келесі орындарда 996,1 миллион долларға тауар әкелген Ресей және 562 миллион долларға тауар сатқан Германия орналасқан.

Бұл көрсеткішті ары қарай Қазақстан (541,4 млн), Түркия (325 млн), Корея (302 млн) қатарлы елдер жалғастырған.

Фото: uza.uz
Соңғы жаңалықтар