Тілектес Мейрамов: Қазақ театрының жаңа ғимараты – бүкіл елдің қуанышы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңа Қазақ драма театрының салынуы – театр ұжымының ғана емес, бүкіл қазақ халқы үшін үлкен қуаныш. Елордада салынып жатқан жаңа Қазақ драма театрының құрылысымен танысу барысында актер, профессор, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа Қазақ драма театрының салынуы – театр ұжымының ғана емес, бүкіл қазақ халқы үшін үлкен қуаныш деп есептеймін. Өйткені, біздің жас астанамызда осындай Қазақ театры ғимаратының болмауы – талай адамның көкірегінде жүрген мәселе еді. Талай адамды қынжылтып жүретін. Мінекей, біраз жылдан бері шешілмей жүрген мәселе реттеліп, сол ғимараттың құрылысымен танысып жатырмыз. Президенттің көмекшісі Мәулен (Мәулен Әшімбаев) мырза айтып кеткендей, бұл – үлкен оқиға. Кез келген елдің астанасында сол елдің театры болуы міндетті. Сондықтан, бұл біз үшін ғана емес, бүкіл қазақ халқы үшін үлкен қуаныш», - деді жаңа театр нысанының құрылысымен танысу барысында Тілектес Мейрамов.

Еске сала кетсек, бүгін Президенттің көмекшісі Мәулен Әшімбаев Нұр-Сұлтанда салынып жатқан Қазақ драма театры ғимаратының құрылысымен танысқан болатын.

«Келесі жылы 6 шілдеде театр ұжымы өзінің қоныс тойын тойлайды деп сенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Құрылыс нысанымен танысу барысында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов аталмыш театрға «ұлттық» атағын беруді сұраған болатын.


Соңғы жаңалықтар