Тілектес Адамбеков қазақстандық цифрлық валютаны енгізу тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Тілектес Адамбеков қазақстандық цифрлық валютаны енгізу тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көп елдердің орталық банктері қаржы технологияларының перспективалық бағыттарының бірі ретінде Орталық банктің ұлттық цифрлық валютасын айналымға шығару және реттеу мәселесін белсенді шешіп келеді. Мысалы, Канада, Ұлыбритания, Швеция, Қытай, Израиль орталық банктері цифрлық валюталарын құру мүмкіндігін зерттеуге кірісті. Қытай өткен 2020 жылы цифрлық юаньмен тәжірибе жүргізе бастады. Осы жылдың сәуір айында цифрлық юаньмен алғаш рет әуе билеті алынды, ал 2022 жылы валюта қоғамдық айналымға шығады. Жапонияның Ұлттық банкі де өзінің цифрлық валютасын енгізу мүмкіндіктерін қарастыруда», - деді депута Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, 2022 жылы Ресей банкі цифрлық рубльді сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Еуропалық орталық банк алдағы жылдары цифрлық еуроны шығаруды жоспарға енгізген.

«Ұлттық цифрлық валюталарды енгізудің басты мақсаты –технологиялық тұрғыдан неғұрлым қолжетімді ішкі өзара есеп алмасуды, сондай-ақ трансшекаралық төлемдерді қамтамасыз ететін жылдам және заңды төлем құралын құру болып саналады. Сонымен бірге, мемлекеттік цифрлық валютаның криптовалютадан ерекшелігі - орталық банкі тарапынан эмиссиясы қадағаланатын қамтамасыз етілген цифрлық актив болуы керек. Әлемдік тенденцияларға назар аударып, Үкімет жаңа қаржы құралын – цифрлық валютаның, жоғарыда айтылған артықшылықтарын ескере отырып, Ұлттық банкінің цифрлық валютасын зерттеуге және іске асыруға нақты қадамдар жасауы қажет деп санаймын», - деді Тілектес Адамбеков.

Оның пайымынша, ҚР Ұлттық банкiнiң цифрлық валютасын сәтті енгiзу Қазақстан экономикасына мынадай мүмкіндіктерді алып келеді:

1. Ұлттық банк тарапынан ақша-несие саясатын неғұрлым ашық әрі тиімді бақылау және айналымдағы қолма қол ақшаның үлесін оңтайландырады.

2. Ағындардың ашықтығын, сондай-ақ цифрлық активтердің иелерін, жүзеге асырылатын төлемдердің мақсатын нақты анықтау мүмкіндігіне байланысты цифрлық валютаны енгізу көлеңкелі экономиканы жоюға ықпал етеді.

3. Цифрлық активтерді иелену фактісінің өзгермейтіндігі мен анықтығының арқасында екінші деңгейдегі банктердің клиенттері цифрлық валютаны теңгеге және керісінше аударып қана қоймай, сонымен қатар жеке банктің ықтимал дефолтынан қорғалатын болады.

4. Бизнес өкілдері үшін блокчейн технологиясының базасында жаңа цифрлық өнімдерді, тауарлар мен қызметтер нарығында қаржы құралдарын, бәсекеге қабілетті маркетплейстерді, инвестициялық алаңдарды құру мүмкіндіктері пайда болады.

«Қаржы министрлігі мен Ұлттық банкі жоғарыда айтылып кеткен әлемдік тәжірибие мен тенденцияны ескере отырып, қазақстандық цифрлық валютаны енгізу тұжырымдамасын әзірлеуі керек деп санаймыз», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар