Тілдер күні: Ақмола облысында «Өз ойыным» интеллектуалдық викторинасы өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қазақстан халқының Тілдер күніне арналған онкүндік аясында «Өз ойыным» интеллектуалдық викторинасы өтті. Балалар мемлекеттік тілді ғана емес, Қазақстан халқының басқа да тілдерін жақсы білетінін көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Викторинаға әрқайсысы үш қатысушыдан тұратын бес команда қатысты.

Студенттер тарих, әдебиет, мәдениет бойынша сұрақтарға жауап беріп, әртүрлі тілдердегі мақал-мәтелдер туралы білімдерін көрсетті.

Шараны облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Ондағы мақсат - студенттердің Қазақстан халқының мемлекеттік және басқа да тілдерін үйренуге деген қызығушылығын арттыру. Сондай-ақ жастардың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамыту.

«Ойын жоғары деңгейде өтті. Әр команда қызығушылық пен белсенділік танытты, командада жұмыс істей алды. Балалар мемлекеттік тілді ғана емес, басқа тілдерді де жақсы білетіндерін көрсетті. Барлық қатысушыларға алғысымызды білдіреміз және оларға табыс тілейміз», – деп атап өтті Жастар ресурстық орталығының маманы Ақылбек Ахметов.

Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде өткен зияткерлік ойын соңында әр командаға ұйымдастырушылар атынан сертификаттар табысталды.

Айта кетейік, өңірде Қазақстан халқы тілдерінің онкүндігі аясында екі мыңға жуық түрлі форматтағы іс-шара өткізу жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар