Тіл татулық құралы болуы тиіс - А.Есімов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгін «Ана тілім - ардағым» тілдер фестивалі өтті. Тілдер күні қарсаңында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» қалалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Қала басшысы Ахметжан Есімов телеарна, газет-журнал, радио, интернет салаларында тіл мәселесін жиі көтеріп жүрген журналистерге бағалы сыйлықтар табыс етті.

Әкім 1989 жылы Тіл туралы заң қабылданғалы бері Алматы қаласында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен мерейі артып келе жатқандығын айтып өтті.

«1989 жылға дейін мемлекеттік органдарда қазақ тіліндегі құжат жоқ десе де болатын. Қазір Алматыда жергілікті атқару органдарында мемлекеттік тілде іс жүргізудің үлес салмағы 78 пайыздан асты. Қала тұрғындары мұны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Тіл саясатына баға бергенде осындай игі істерді ауызға алу керек. Егемен еліміздің мемлекеттілігі тіл саясатының жемісі. Кейбір тұлғалар тілді саяси құралға айналдырғысы келеді. Көршілес мемлекетте болып жатқан кикілжіңдердің бәрінің негізгі себебі - тіл. Тіл үшін болған жанжалдардың салдарынан ұлттар мен болыстардың арасына сына қағылады. Керісінше, тіл татулық құралы болу тиіс», - деді А.Есімов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде өзге ұлт өкілдерінің өз ана тілін оқып-үйренуіне барлық жағдай жасалған. Қалада кәріс, неміс, поляк, түркімен тілдерін үйрететін жексенбілік мектептер жүйелі жұмыс істеп келеді.

Соңғы жаңалықтар