Тіл саясатының жағдайы қалай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2017 жылы 31 қазанда «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 689 қаулысы жарық көрді. Аталған қаулыда бұған дейін 22 қыркүйекте аталып келген «Қазақстан халқы тілдері күні» мерекесі 5 қыркүйекке ауыстырылды. Бұл дата көрнекті мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі саласының білгірі, ағартушы – Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай бекітілген. Осыған орай Strategy2050.kz сайтында жарияланған тіл саясаты жайлы мақаланы оқырман назарына ұсынамыз.

Жалпы, бұл күн мемлекеттік деңгейде «тіл мерекесі» ретінде аталып келеді. Бұл ретте, атаулы күн «той тойлаумен қатар, ой ойлаудың да» күні екенін ескергеніміз жөн. Өйткені тіл мәселесі қай кезде де ұлттың тарихын, ділін сақтау тұрғысынан өзектілігін жоғалтпаған. Осы орайда, әр түрлі этностарды бір шаңырақ астына біріктірген, тарихы ұлттың тілі мен діліне жасалған кедергіге толы тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік тілдің әлеуетін көтеру, оның қолданыс аясын іс жүзінде кеңейту мәселесі әлі талай қажырлы еңбек пен ерік-жігерді талап ететіні жасырын емес.

Тіл жанды организм іспеттес. Ол да заман ағымымен жаңарып, сөздік қорын толықтырып, өзгеріп, түлеп отырады. Тілдің дамуы, өмір сүруі үшін ең басты шарт – сол тілде сөйлейтін адамдардың болуы.

Бейресми деректерге сәйкес әлемде жеті мыңнан астам тіл бар.

Алайда жаһандану үдерісінің қарқынымен күн сайын 1-2 тілден жоғалып, өлі тілдер қатарын толықтыруда.

Бүгінде әлем халқының 80 пайызы 80 тілде сөйлесе, қалған тілдер әлем халқының 20 пайызына тиесілі. Бұл статистика көптеген тілдерде жазылған құнды дүниелердің, салт-дәстүрдің, ауызша және жазбаша деректердің, аңыз-әңгімелер мен мәдениеттің де түгесіліп жатқанын білдірсе керек. Бұл үрдісті бүгінгі жаһандану, әлемдік көші-қон ағындары, интернет-коммуникациясы сияқты заманауи сын-қатерлер одан әрі жеделдетуде.

Тілдіңжоғалу себептері бірнеше.

Бірінші себеп – миграция. Қазіргі таңда әлемдік миграция немесе өркениеттердің араласуы және ауыл халқының қалаға көшу үрдісі, яғни урбандалу қарқынды жүруде. Осы арқылы тілдік орта үстем тілдердің ықпалына қарай ойыса түсуде.

Мәселен көптеген азшылық ұлттардың өкілдері урбандалу үдерісімен ірі қалаларға барғанда сол жердегі басым тілдерде қарым-қатынасқа түседі. Уақыт өте келе сол жерде тұрақтап қалған азшылық ұлт өкілінің баласы өз ана тілінде сөйлемей, оны ұмыта бастайды. Осылайша әлемде көптеген тіл жойылудың аз алдында тұр.

Екінші – жаңа коммуникациялық технология түрлерінің дамуы. Мұның бірі – интернеттің жаппай қолданысқа енгізілуі. Интернет адамзат баласының дамуындағы ең үлкен жаңашылдық, байланыс құралдарын дамытқан құралдардың бірі болғанымен, қоғамдағы ұлттық ерекешліктерге, тіл мен ділге тигізетін кері ықпалы да аз емес.

Қай тілде ақпарат көп болса, адамдар да сол тілді үйренуге, сол тілдегі ақпараттан сусындауға тырысады. Уақыт өте келе бейсаналы түрде сол тілдің ықпалын сезініп, өз тілінен ажырай бастайды.

Үшіншісі – тілді «жұмсақ күш» ретінде пайдалану саясаты. Бұл көбінесе ықпалды елдердің сыртқы және ішкі саясатындағы негізгі бағыттың бірі. Мысалы көршілес Ресей, Қытай мемлекеттерінде тұратын азшыл этностардың тілі уақыт өткен сайын ықпалын азайтып, көпшілігі жойылуға жақындап келеді. Бұл - мемлекеттік саясаттың бір нәтижесі.

Көп тілдер мемлекеттің ішіндегі «сепаратистік көңіл-күйді» қоздырушы, елді тұтастыққа емес этникалық және аумақтық ыдыратуға итермелейтін фактор ретінде есептелетіндіктен, сол елдің негізгі тілін азшылықтың арасында кеңінен енгізу саясаты үстемдікке ие.

Сондай-ақ, сыртқы саясатта да өзге елдің аумағында өз тіліңді енгізу арқылы сол жердегі халықтың сана-сезіміне, көңіл-күйіне ықпал етуге болатынын жоққа шығара алмаймыз. Осы сияқты тікелей және жанама себептерді тізбелей беруге болады.

Статистикалық деректерге сүйенсек, әлемде ең көп адам сөйлейтін тіл – қытай тілі, екінші – ағылшын тілі, үшінші – хинди тілі. Қытай және хинди тілдерінің жоғары рейтингке ие болуы тек белгілі бір этникалық топтардың санының көптігіне байланысты болса, ағылшын тілі көптеген этностар мен мемлекеттердің негізгі қолданыс тілі, сонымен қатар әлемдік деңгейде коммуникация құралы ретінде кең қолданысқа ие.

Көптеген ғылыми еңбектер мен жаңашыл техника да негізінен ағылшын тілінде. Сондай-ақ, испан, араб, француз, бенгал, португал, орыс, жапон және ленди (Пәкістан) тілдері 100 мыңнан астам адам қолданатын әлемдік ірі тілдердің қатарында.

Кейбір сарапшылар болашақта әлем осы қарқынмен дами беретін болса көптеген тілдер жойылып, негізгі 5-6 тіл қалатындығы жөнінде болжамдарын айтуда. Егер кез келген ұлт жастарының 70-80 пайызы өз тілінде емес шет тілінде сөйлейтін болса, ол тілдің болашағы бұлыңғыр. Сондықтан тілдік ахуалды реттеуде жастар арасындағы жұмыстарға басымдық берудің маңызы зор.

ЮНЕСКО әлемдегі тілдердің қолданысын, мүмкіндігін, қазіргі және болашақтағы жағдайына қатысты болжамын саралай отырып, тұрақты түрде Әлем елдері тілдерінің атласын жасап отырады. Атласта тілдерді келесі деңгейлер бойынша жіктейді.

Бірінші – қауіпсіз (safe). Бұл деңгейге жататын тілдердің болашағы жарқын, ол тілді қолданатын буындар легі жақын келешекте толастамақ емес.

Екінші – осал (vulnerable). Бұл тілде сөйлейтін жастар саны көп болғанымен, тілдің дамуында олқылықтар, белгілі бір шектеулер бар. Мысалы ол тілді тек тұрмыстық жағдайда, отбасында ғана қолдану т.б. сипаттары бар.

Үшінші – қауіпті жағдайда (definitely endangered). Балалар өз ана тілін үйде де үйренбейді.

Төртінші – айтарлықтай қауіпті жағдайда (severely endangered). Бұл тілде тек үлкен буын ғана сөйлей алады. Ал орта буын тек түсінеді, жастар бұл тілді түсінбейді және ата-аналарымен өзге тілде қарым-қатынас жасайды.

Бесінші – критикалық қауіпті жағдайда (critically endangered). Бұл тілді қолданатын ең кейінгі буын қарттар ғана. Олардың өзі бұл тілде сирек сөйлейді.

Алтыншы – өлі тілдер (extinct). Бұл тілде сөйлейтін адамдар қалмаған. Атласқа өлі тілдер ретінде тек 1950 жылға дейін жоғалған тілдер енгізілген.

Атласта қазақ тілі екінші деңгейге, яғни осал сипаттағы топқа жатқызылған. Бұған негіз де жоқ емес. Қазақстанда мемлекеттік тілдің жағдайы Кеңес дәуірінде үлкен кедергілерге тап болып, тәуелсіздік жылдары ғана қайта түлей бастады.

Қазақ тіліне тәуелсіздік жылдары конституциялық тұрғыдан ресми статус беріп, оның дамуын ресурстық қамтамасыз ету бағытында нақты қадамдар жасалуда. Мәдениет министрлігінің жанында арнайы Тіл саясаты комитеті, жергілікті атқарушы органдарда басқармалар жұмыс істейді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың әр кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асырыла бастады. Алайда әлі де қазақ тілінің әлеуетін көтеру бағытында қыруар жұмыстар бар.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек Қазақстанда жалпы орта білім беру мекемелерінде оқитындар саны – 3 337 783. Оның ішінде қазақ тілінде білім алушылар саны – 1 468 433. Ал орыс тілінде білім алушылар саны – 403 927. Өзбек тілінде оқитындар – 8 333, ұйғыр тілінде білім алушылар – 6 223, өзге тілдерді білім алатындар саны – 1 526.

Сондай-ақ, аралас мектептерде оқитын балалар арасында қазақ тілінде білім алушылар – 724 735, орыс тілінде оқитындар – 644 106, өзбек тілінде оқитындар саны – 76 166, ұйғыр тілінде білім алушылар саны – 9 740, тәжік тілінде білім алушылар – 3 731, ағылшын тілінде білім алушылар – 853, француз тілінде білім алушылар саны – 10. Статистика деректерінен көргеніміздей Қазақстанда қазақ тілінде білім алушы балалар жалпы оқушылардың 72 пайызынан асады.

Сондай-ақ, өткен оқу жылындағы деректерге сүйенсек еліміздегі жоғары оқу орындарында оқитын студенттерінің 65,2 пайызы қазақ тілінде, 30 пайызы орыс тілінде, 4,6 пайызы ағылшын тілінде білім алады.

Айта кетерлігі, демографиялық жағдайдан және елдегі тіл саясатына сәйкес жыл сайын қазақ тілінде оқитын балалар саны артып келеді. Балалар болашақтың айнасы екенін ескерсек алдағы уақытта мемлекеттік тілдің де әлеуеті күшейіп, ықпалы арта түсетінін болжауға болады. Бұл да болса тілдік жағдайда мемлекеттік тілдің үстемдігі уақыт өткен сайын нығайып келе жатқанын білдірсе керек.

Олай болса, бүгінгі таңда тілдік ахуалда түйіткілдер қандай, азаматтарды алаңдататын, шешімін күткен нендей мәселелер бар деген сауалдың түбінде ой өрбітсек.

Бірінші мәселе – қазақ тілі әлі күнге толыққанды қарым-қатынастың, бизнестің, ғылымның тіліне айнала алмай келеді. Бұған азаматтардың тілдің болашағына көзқарасы, «барлығына түсінікті» саналатын орыс тілін таңдаудың қолайлылығы себеп болса керек.

Мысалы 2020 жылы 21 тамызда «31 арнаның» «Неге?» ток-шоуы «Қазақ киноиндустриясындағы қақтығыстар» тақырыбын талқылауға арналды. Студияда Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ вице-президенті Айдархан Әділбаев киностудияның «Ұлттық кино орталығына» байқауға ұсынған 77 сценарийдің 67-сі орыс тілінде болғанын атап өтті.

Яғни, ұлттық сипаттағы, қазақ тіліндегі дүние ұсынуы қисынды мекеменің өзі өнімінің тоқсан пайызға жуығын мемлекеттік тілде емес орыс тілінде ұсынып отыр. Дәл осыған ұқсас мысалдарды елдегі түрлі салалардан көптеп келтіруге болады.

Екінші мәселе – заңнамадағы талаптарды қатаңдату. Қолданыстағы тіл нормаларын бұзған жеке және заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі әлсіз немесе оны іске асыру механизмі жетілдірілмеген. Мұның түрлі себептері болуы мүмкін. Біріншісі – саяси себеп, яғни тіл мәселесінің себебінен орын алу ықтимал этносаралық кикілжіңдерден қашу.

Бұл әлемдік саясатта түрлі елдердің ішкі қақтығыстарын туғызғвн классикалық себептердің бірі екенін жоққа шығара алмаймыз. Екіншісі заңнаманы жетілдіруде құқықтық базаны қалыптастырушы құзыретті тұлғалардың әлсіздігі. Үшіншісі заңнаманы қабылдаушы және оның іске асырылу тетіктерін жасаушы тұлғалардың мүдделі болмауы және басқалар.

Бұл жекелеген азаматтардың орыс тілін ресми қолданыс тілі ретінде жалғастыруды құп көруімен байланысты.

Үшінші мәселе – азаматтар арасында тілді сұранысқа ие қылудағы белсенділіктің төмендігі. Осыған бір мысалды жеке басымнан өткен бір оқиғамен келтіре кетейін.

Былтыр жазда Алматы-Нұр-Сұлтан бағытымен келе жатып таңға қарай Қарағандыға жеттім. Қаладан шыға берісте «Қазмұнайгаз» жанармай құю бекеті бар екен. Май құйып алайын деп кірдім. Оператор орыс қыз екен. «Бірінші колонкаға, бес мың теңгеге құйыңыз» дедім. Бәрін түсінді. Бірақ маған қарап, «Мен сізге қызық айтайын, маған осы күнге дейін қазақша сөйлеген бірінші адам шығарсыз» дейді. Былай қарасақ, Қазақстанда мемлекеттік тілде сөйлеу қалыпты жағдай болуы тиіс, алайды мысалда көргеніміздей бәріміз сол кісіге ыңғайланып орысша сөйлей берсек, қартайғанша қазақша үйренбейтіні анық қой.

Жүрген жерімізде тұтынушы ретінде қазақ тілін талап ету - қарапайым ғана азаматтық іс. Өкінішке қарай, көбіміз көңілжықпастыққа салынып, орысша сөйлей жөнелеміз. Ерік-жігеріміз жетпей жататыны ащы шындық.

Жақында Facebook әлеуметтік желісінде Жалғас Ертай деген азаматтың постын көзім шалды. Жалғас бастаған біраз азамат қазақ тілінің қолданыс тіліне айналуы бағытында жақсы бастаманы қолға алыпты. Телеграм каналдан арнайы чат құрып, сол жерге тіл жанашырлары жиналған екен. Қазір не көп, интернет дүкен, компаниялар мен мекемелердің сайттары, аккаунттары көп. Өкінішке қарай, арасында мемлекеттік тілді айналып өтіп, тек орысша жазатындар аз емес. Жаңағы топ мүшелері ұйымдасқан түрде осындай компаниялардың аккаунттарына тіркеліп, мемлекеттік тілде де ақпарат берілуін талап етуде.

Нәтижесінде көптеген парақшалардың тілі заң нормаларына сәйкес жазыла бастады. Бұл да болса азаматтық қоғамның ықпалы, талап ете білудің оң нәтижесі болса керек. Осындай бастамалар, азаматтардың белсенділігі артқан сайын мемлекеттік тілдің қолданыс аясы да кеңейе түсері анық.

Төртінші мәселе – мектеп пен балабақша мәселесі. Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім берумен айналысатын көптеген мекеме тәрбие құралын аралас форматта жүргізеді. Орта білім беру мекемелерінде де аралас мектептер мәселесі дүркін-дүркін көтерілуде. Өкінішке қарай, жаңа ашылған білім ордаларының көпшілігі аралас тілде білім беретін мекеме ретінде ашылуын жалғастырып келеді.

Адамның тілі бала кезінде, жастық шақта қалыптасатынын ескерсек балабақша мен мектептердегі білім беру тілін ұлттық идеяға сәйкес жүргізген абзал. Мұқны радикалды сипатта емес эволюция түрде, жаңа ашылған мектептерді мемлекеттік тілде білім беретін түрде ұйымдастыруға болады. Жыл сайын халқы көп өңірлерде бірнеше мектептің іске қосылатынын ескерсек, бұл да игі бастама болары сөзсіз.

Қорыта келгенде, мемлекеттік тілде сөйлейтін тілдік ортаны қалыптастыру - елдік іс. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында «Шындығында, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бей-жай қарап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін» деген болатын.

Дәрігерлер арасында айтылатын «Жұмыссыз қалайық» деген жақсы тілек бар. Бұл - ешкім ауырмасын, науқастар болмасын деген игі ойдан бастау алатын жылы лебіз. Біз де сөз соңында тілдік ахуалды оңтайлы шешіп, өткенге тек естелікпен қарайтын сәтке жетейік дегіміз келеді.


Сәкен Есіркеп


Соңғы жаңалықтар