Тіл, сауда және ІТ саласының үздіктерін марапаттауға арналған 3 төсбелгі бекітілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде «Үздік цифрландырушы», «Ахмет Байтұрсынұлы» және «Еңбек сіңірген сауда қызметкері» төсбелгілері пайда болмақ. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің сайтында жарияланған Үкімет қаулысында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжатта жазылғандай, «Үздік цифрландырушы» төсбелгісімен еңбекте жоғары нәтижелерге қол жеткізген, өзіне жүктелген міндеттерді адал және жауапты орындайтын, осы салада кәсібилік танытқан, 15 жыл және одан көп еңбек сіңірген цифрландыру саласындағы жұмыскерлер марапатталады. Бұған қоса, аталған төсбелгімен ерекше жағдайларда цифрландыру саласындағы ерекше еңбегі үшін басқа салаларда жұмыс істейтін адамдар да марапатталады.

Ал «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен гуманитарлық сала өкілдері, қазақ тілінің мәртебесін көтеруде шығармашылық белсенділік танытқан адамдар мен қазақ тілін оқытуға негізделген IT жобалардың авторлары және гуманитарлық салада ынтымақтастықты нығайтуға жəне дамытуға елеулі үлес қосқан шетел азаматтары марапатталады.

«Еңбек сіңірген сауда қызметкері» төсбелгісі еңбекте жоғары нәтижелерге қол жеткізген, өздеріне жүктелген міндеттерді адал және жауапты орындайтын әрі сауда саласында бастама және кәсіпқойлығын көрсететін сауда саласында кемінде 10 жыл жұмыс өтілі бар жұмыскерлерге табысталады.

Төсбелгілерді бекітуге бағытталған қаулы бүгіннен, яғни алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.


Соңғы жаңалықтар