Тікұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына қандай көмек көрсетіледі

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысындағы қайғылы оқиғадан қаза тапқан әскерилердің отбасына материалдық көмек көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаза болған әскери қызметшілердің отбасына Қорғаныс министрлігі тарапынан материалдық-моральдық көмек көрсетіледі. 5 жылдық жалақысын төлеп, қызметтік үйлерін тегін жекешелендіріп береді немесе жекеменшікке тұрғын үй сатып алу үшін ақшалай өтемақы беріледі. Және барлық жерлеуге кеткен шығындар өтеледі»,- деді Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифинг барысында Талдықорғандағы 21/751 әскери бөлім командирінің орынбасары Бекболат Жұмабаев.

Тікұшақ апатынан өмірі қиылған 13 азаматтың 8-і Ақтаудағы 30/153 әскери бөлімінде отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүрген Алматы облысының тумалары. Олар майор Тимур Құдайбердиев, 3-санатты сержант Қайрат Нусапанов, аға сержант Мұрат Шарипов,кіші сержант Асхат Абдулманат, ефрейтор Мирас Жұматаев пен Қуаныш Сарқытбаев, Айдын Абилдинов және лейтенат Аслан Айтбаев. Ал олардың бесеуі үш ай бұрын ғана Талдықорғандағы 21/751 әскери бөлімінде қызмет еткен.

Еске сала кетсек, ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі бұған дейін Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырағанын хабарлаған болатын.

Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді оқу және жаттығу аясында қараңғыда әрі күрделі метеорологиялық жағдайда жүргізілген.

Тікұшақта болған 13 адам қаза тапты.

Соңғы жаңалықтар