Тікұшақ апаты: Қызылорда әуежайында қаралы митинг болды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жалағаш ауданында тікұшақ апатынан қаза болған әскерилердің мүрделері бүгін туған жерлеріне жіберілді. Осыған орай Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата әуежайында қаралы митинг өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаралы митингте Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев тікұшақ апатынан қаза болған әскерилердің өздерінің әскери борышын өтеуде қызметін адал атқарғанын атап өтті. Алайда, олардың осындай бейбіт уақытта қаза табуы әрбір адамға өте ауыр тиеді. Қаза тапқан жауынгерлердің отбасына заң бойынша тиесілі әлеуметтік кепілдіктер, басқа да түрлі көмектер көрсетілетін болады.

«Біз министрлік тарапынан туған жерлеріндегі әскери гарнизон басшыларына олардың отбасылары мен балаларын қамқорлыққа алып, балаларының тәрбиеленуіне белсене атсалысыуына барлық көмек көрсетуді тапсырамыз. Қаза тапқан әскери қызметшілерді мәңгі есте сақтау мақсатында мемориал тұрғызу жоспарланып отыр. Бұл мемориалдың орналасатын жері міндетті түрде олардың туған-туысқандарымен келісілетін болады. Тікұшақ апатынан қаза тапқан әскери қызметшілердің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады» - деді Нұрлан Ермекбаев.

Келесі кезекте Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамов Отан қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер ел есінен шықпайтынын айтты.

null null

Бұдан кейін тікұшақ апатынан қаза болған әскерилердің мүрделері олардың туған жерлеріне жіберілді.

Еске салайық, 27 наурыз күні кешке Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады.

Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкентке бет алған 4 әскери тікұшақ құрамында болған. Барлық экипаж мүшесі - 13 адам қаза тапты.

Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің есімдері мен фотосуреттерін жариялады.

Соңғы жаңалықтар