Тікұшақ апаты: Қызылорда әуежайында қаралы митинг болады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жалағаш ауданында тікұшақ апатынан қаза болған әскерилердің мүрделері 30 наурызда туған жерлеріне жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов Қызылорда облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.

«Тікұшақ экипажындағы ұшқыштар - өздерінің ісін жақсы білетін мамандар. Олар әртүрлі ауа райы метеожағдайында көптеген тапсырмаларды орындауға дағдыланған болатын. Аталмыш ұшу тәуліктің күндізгі бөлігінде жүргізілген. Ауа райы ұшу дайындығына толықтай сай келген», - деді Дәурен Қосанов.

Қазіргі уақытта мәселенің мән-жайын осы мақсатта құрылған мемлекеттік комиссия анықтау үстінде.

«Авиациялық техниканың істен шығу жағдайы әуеде орын алған болуы мүмкін. Оған қоса өрт тіркелген. Экипаж соңына дейін тікұшақты қондыруға күш салған. Дегенмен әрдайым ойлаған мақсатқа жету мүмкін бола бермейді. Ұшқыштардың іс-қимыл әрекеті бойынша мемлекеттік комиссия өз қорытындысын шығарады», - деді генерал-майор.

Қазірге дейін тікұшақ апатында қаза болған 10 әскери қызметкерлердің мүрдесі танылды. Қалғаны бүгінгі күннің соңына дейін анықталатын болады. Ертең, 30 наурызда Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы әуежайда қаралы митинг болады. Одан кейін марқұмдардың денелері туған-туысқандарына беріледі.

Еске салайық, 27 наурыз күні кешке Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады.Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, аталған тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкентке бет алған 4 әскери тікұшақ құрамында болған. Барлық экипаж мүшесі - 13 адам қаза тапты.

Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің есімдері мен фотосуреттерін жариялады.

Соңғы жаңалықтар