TikTok қосымшасы қазақ тіліне аударылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – TikTok әлеуметтік желісі Астана мен Алматыда кеңселерін ашады. Бұл туралы Шығыс Еуропадағы TikTok Global Business Solutions директоры және TikTok Kazakhstan компаниясының болашақ басшысы Анастасия Панина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстандағы аудитория шығармашылыққа бейім және адамдар өз үндеулерін жеткізу үшін осы платформаны пайдаланады. Мұнда жаңа контент жасайтын көптеген музыканттарды, мұғалімдерді, жас аналарды көріп отырмыз. Біз платформа ретінде қауымдастыққа жақын болғымыз келеді, сондықтан осы күзде Қазақстанда өкілдік ашамыз. Біз білім беру ұйымдарымен, мемлекетпен көбірек жобалар шығарғымыз келеді, платформаның контентін барынша қызықты әрі пайдалы етеміз», - деді Анастасия Панина Astana Media Week медиафорумында тілшілерге берген сұхбатында.

Сонымен бірге А. Панина қосымшаның қазақ тіліне аударылатынын растады және TikTok-ты білім беру мақсатында креативті пайдалану мысалдарын келтірді.

«Бізде креаторларды дамыту бағдарламасы бар, онда біз қандай авторлардың аудиторияны қызықтыратынын қарастырамыз және оларға платформаның барлық құралдарымен танысуға мүмкіндік береміз. Біз білім беру бағдарламаларын жаңа деңгейге көтеруге көмектесеміз. Мысалы, химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсенов химия туралы әңгімелейтін бейнероликтер жасайды, эксперименттер жүргізеді, музыка қояды. Бұл көптеген мұғалімдер үшін шынымен шабыттандырарлық. TikTok Қазақстанда өте танымал, өйткені аудиториясы өте креативті», - деді Анастасия Панина.

Айта кетейік, Astana Media Week 26-28 қазан күндері өтеді. Онда 150 отандық және халықаралық спикерлердің қатысуымен 30-дан астам іс-шара өтеді.



Соңғы жаңалықтар