«Тікелей желіде - Қазақстан Республикасының Президенті» Call-орталығына 23 мыңнан астам сұрақ келіп түсті

None
None
sp;АСТАНА. Қарашаның 11-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазіргі уақытта «Тікелей желіде - Қазақстан Республикасының Президенті» Call-орталығына  23 мыңнан астам сұрақ келіп түскен. Ал сайтқа 46 мыңнан астам бірегей пайдаланушы енген.

 Бұл мәліметтерді аталған орталықтың жетекшісі Әлия Ғалымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша,  Қазақстан Республикасының Президентімен өтетін биылғы тікелей желінің басты ерекшелігі -  шара барысында алғаш рет барлық қазіргі заманғы байланыс арналарының мүмкіндіктері - Интернеттің, телефонның, SMS-байланысының пайдаланылуында болып отыр.

Осы жолы Елбасымен тікелей желі арқылы байланысқа түскен Қазақстан халқының белсенділігі  бұған дейін өткендерден анағұрлым жоғары. Мәселен, елордамыз Астанадан 3407,  ал Алматы қаласынан 2247 сауал жолданған.

Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары да Мемлекет басшысына сауал жолдауда  барынша белсенділік танытуда. Аталған өңірлердің тұрғындарының сауалдарына қарағанда, оларды негізінен халықты әлеуметтік қорғау, тұрғын үй құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, заңдылық пен құқық тәртібі, білім және ғылым, денсаулық сақтау мәселелері толғандырады. Дегенмен, мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй алу және үлескерлер проблемасына қатысты сауалдар көп жолданып, өзекті күйінде қалып отыр.

Сонымен қатар тікелей желіге Ресей Федерациясы, Германия, Ұлыбритания, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Балтық елдері тұрғындары да өз сұрақтарын жіберуде.

Call-орталықтың жетекшісі Әлия Ғалымованың айтуынша, қарашаның 13-інде Мемлекет басшысы «Хабар», «Қазақстан», «Астана» телеарналарында, «Қазақ радиосында» тікелей эфирде таратылатын «тікелей желі» кезінде барынша қызықты және рейтингі жоғары сұрақтарға жауап береді. Қалған сұрақтарға жауаптарды тиісті мемлекеттік органдар дайындап, «Тікелей желіде - Қазақстан Республикасының Президенті» сайтына орналастыратын болады.

Қазақстан Республикасының Президентімен өтетін тікелей желіге қатысушылар өздеріне ұнаған сұрақтарына дауыс бере алады. Қазіргі уақытта рейтингі жоғары сұрақтардың ішінде - Астана қаласының жас жеткіншектерін бала бақшалармен қамтамасыз ету, Шығыс Қазақстан облысындағы экологиялық ахуал, үлескерлік құрылыс туралы мәселер көш бастап тұр.

«Сайтқа қазақстандықтардан түскен барлық сұрақтар орналастырылады. Пайдалану келісіміне сәйкес, еліміздің заңдарына қайшы келетін, азаматтардың ар-ожданы мен қадыр-қасиетіне нұқсан келтіретін, қызметтік және коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер кірмейді. Сайт әкімшісі мұндай сұрақтарды алып тастауға құқылы» дейді Ә.Ғалымова.

Айта кетейік,  2009 жылы  қарашаның 13-і күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан», «Хабар», «Астана қалалық теледидары» телеарналары және «Қазақ радиосы», «Астана радиосы» бойынша өтетін тікелей эфирде азаматтардың телеэфир, телефон, интернет және СМС хабарламалары арқылы түскен сұрақтарына жауап беретін болады. Сұрақтарды республика бойынша +7 (7172) 555-777 телефоны мен  KCell, Beeline, Neo, Altel ұялы байланысын пайдаланушылар үшін СМС хабарламалары арқылы 1111 нөміріне жіберуге болады. Сондай-ақ  
www.line.gov.kz сайтының тиісті тармағын пайдалана отырып, бейнесұрақты жолдауға болады. Ал жазбаша сауалды [email protected] электрондық мекенжайына жіберуге мүмкіндік бар.

«Қазақтелеком» ұсынған байланыс тегін болса, ұялы телефондарға арнайы төлемдер қарастырылған. «Тікелей желі» кезінде Елбасының назарына ілікпей қалған сауалдарға тиісті мемлекеттік органдар бір айдың көлемінде жауап әзірлеп, сайтқа орналастыратын болады. Ал Интернеті жоқ ауылды жерлер үшін әкімдіктер жанынан қоғамдық қабылдау бөлімдері ашылған.

Соңғы жаңалықтар